Алматыда зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті

1400
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 26 қарашада Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы саябақта «Жануарлар әлеміне» жоқ де!» атты зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс-шараны «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы ұйымдастырды. Белсенділердің айтуынша, акцияның басты мақсаты — қазақ қоғамындағы зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударту.

Шараға көптеген блогер, 600-ге жуық қала тұрғыны және БАҚ өкілдері қатысты.

Акцияға келген марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді 2 аптаның ішінде өмірінің түбегейлі өзгергенін атап өтті. Айтуынша, Қазақстан отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша жаңа заң қабылдауы тиіс.

«Бізге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң қажет. Әлемді өзгертуді өзімізден бастауымыз тиіс. Зорлық-зомбылық туралы ашық айтып, құзырлы органдарға хабарласу қажет. Дәл осылай үндемей жүре берсек, ештеңе өзгермейді. Біздің жағдайды ешкімнің басына бермесін деп тілеймін»,—деді ол.

Ал танымал тележүргізуші, блогер Диана Қырықбай ата-аналарды балаларын кішкентай кезінен дұрыс тәрбиелеуге шақырды.

«Марқұм Салтанатты жақсы танимын. Екеуміз Астанадағы фитнес орталықтардың бірінде спортпен айналысқан едік. Ортақ таныстарымыз бар. Жақында болған жағдайды естіген кезде бәріміздің жүрегімізде қорқыныш пайда болды. Бұл оқиғаға бей-жай қарай алмадым. Үнемі әлеуметтік желі арқылы нәзік жандыларды көп оқуға, өз жағдайын жасауға, ерте отбасын құрмауға шақырамын. Барша ата-ана балаға кішкентай кезінен дұрыс тәрбие беріп, қыз баласын ұрмау керектігін түсіндірсе, дұрыс болар еді»,—деді журналист.

Акцияға қатысушылар іс-шараға «Зорлық зомбылық біздің дәстүр емес», «Әке, анамды ұрмашы», «Келесі құрбан болудан қорқамын» сынды түрлі жазуы бар плакаттермен келіп, зорлық-зомбылықты қолдамайтындарын жеткізді.

Пікірлер