Премьер құрғақшылықта әрекет етпеген Нұржігітовке сенетінін айтты

1218
Adyrna.kz Telegram

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Нұржан Нұржігітовтың не үшін Су және ирригация министрі болып тағайындалғанын түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысына «Биыл Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Осы облысты басқарған азамат Нұржан Нұржігітов Су министрі болып тағайындалғаны жұрт арасында әр түрлі түсінбеушілік тудырды. Мысалы «Су тапшылығына жауапты адамның Су министрі болуы қаншалықты қисынды болды?» деген сұрақ тудырды. Сіз осыны түсіндіріп бере аласыз ба?» деген сұрақ қойылды.

Әлихан Асханұлы биыл Жамбыл облысында вигитациялық кезең қиын өткенін, алайда оған бұрынғы әкім емес, Талас пен Шудан келетін судың аз болуы себеп болғанын айтты.

«Сондықтан жергілікті атқарушы органдар осы судың аз болуына және оның салдарын азайтуға барынша жұмыс жасады. Барынша жұмыс жасады және солардың ұсыныстары бойынша біз Өңірлік апаттық бойынша төтенше жағдай жарияладық. Солардың ұсыныстары бойынша апаттан зардап шеккен фермарларды біз республикалық бюджеттің резервінен қаражат бөліп, олардың шығындарын өтедік. Барлық атқарылған жұмыстың нәтижесінде жалпы жағдай бақылауда болды және салдардың кері әсері барынша азайтылды. Дегенмен өнімнің бір бөлігі өндірілді», – деді ол.

Журналистің «Нұржан Молдиярұлы су преблемасын шеше ала ма? Оған өз басыңыз сенесіз бе?» деген қосымша сұрағына премьер-министр «Сенеміз. Сенбейтін болсақ, оны министр етіп тағайындаймыз ба? Әрине, сенеміз және ол қазір шет елдің өкілдерімен белсенді жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстандағы әріптестермен жұмыс істеп жатыр. Мысалы сол Қырғызстан тарапымен Шу, Талас өзендерінің суын бөлу принциптері бойынша тиісті келісімдерге қол жеткізді. Енді қазір оған баға беру ерте деп ойлаймын, келесі суару кезеңінен өтсін, сол вигитациялық кезеңнің нәтижесі бойынша баға беруге болады. Қазір дайындық жұмыстарын жасап жатыр» деп жауап берді.

Пікірлер