Адамды құдай жаратты ма? Әлихан Бөкейханның жауабы
Адамды құдай жаратты ма? Әлихан Бөкейханның жауабы
19.11.2023
2593
Адам баласы қайдан келді? Бұл сұрауға әр уақытда әр жерде түрлі жауап болған.
Қазақ-қырғыз адам баласы адам-атадан, адам-атаны құдай балшықтан илеп жаратқан деп, нанып ашыған сүттей ұйып, қойған. Бұ пікір біздің жұртқа еслам мен ере келіп жабысқан. Еслам мұны инжел-ден, инжел дәуіреттен, дәуірет вавилониядан алған.
Тұнған мөлдір суға, айнаға үңілтсе қырмызы қызыл гүл, жексүрын бақа, пұшық, жібек қыз, ақ-қара – бәрі бірдей түседі, айна мен су тексермейді, бәрін қабыл алады.
Бала тексеруге қараңғы, дәл осы айна мен су: нені көрсе, нені естісе, жақсы-жаман, өтірік-шын демейді, бәрін алады, бәрімен пайдаланады.
Білімі жоқ надан, қараңғы жұрт дәл бала: өтірік айт, шын айт нана қалады. Тергемей, тексермей жинап жоқты малданады. Өтірік атадан, атаға, баладан балаға мирас болып, атамыз айтқан болады. Өтірік бекіп, орын теуіп: құран сөзі, құдай сөзі болады.
Біздің қазақ-қырғыз жұрты малданған бір: адам-ата кірпіштей балшықтан жаратылған деген вавилония қаңғымасы.
Адам баласы қайдан, қалай өзгеріп, құбылып, гүлденіп, миланып, ақыл иесі болып, дүние бадшасы болғанын баяндайтұн мына Д.Н.Анучин кітабы.
Бауырым қазақ баласы,
Оқып мұны қарашы!
Бидай өсіп өзгеріп шөп болып,
сабақ тартып ши болып,
басына дән салып қайта бидай болады.
Жұмыртқа өсіп өзгеріп балапан болып,
бұл өсіп өзгеріп құс болады. Зәредей жанды заддан инше 9 ай өсіп өзгеріп бала туады. Боз бала болып, ер бала болып, шал болады. Қой, ешкі, жылқы, сиыр, түйе, қасқыр, түлкі һәм біздің қазақ жақсы білетұн өзге жануарлардың бәрінің өсіп өзгерген жолы адам баласы өсіп өзгерген жолдай; іштегі жажатұн уақыттың ұзын қысқасы мен ғана айырылады: түйе 12, қой 5 ай көтереді.
Осы өгізден шабан, өлімнен анық, тартқан оқтай ер, бетінен қайтпайтұн өзгеріс-құбылыс тамам зад сипаты, тамам зад қалпы, мұнан тысқары бір өмір, бір тұрмыс күн астында жоқ. Секунт сайын, минут сайын, сағат сайын, күн сайын, жыл сайын, жүз мың миллион жыл, шексіз уақыт, қанша созылса, сонша зад жылжып болып, көзге көрінбей өзгеріп, құбылып, отырады, судай жылмиып ағып тұрады.
Осы зад өмір қалпын өзгеріс – құбылыс жолын білі эволюция дейді – бұ қазақша шабан құбылыс болады.
Осы күні білім жолының алдында алған шырағы, қараған қарауылы, сүйенген таяғы, түзу мылтығы, жүйрік аты, қыран бүркіті – осы шабан құбылыс – эволюция жолы: зад құбылып отырады.
Өнетүн, өсетүн, өлетүн задтың-қысқаша, тереңге кетпейік өсімдік, шөп, жануар бәрі аталас болады. Шабан құбылыс көп уақытқа айырып арасын ашып жіберген.
Жанды жануар екі бастан аталас. Адам баласы жануардың бір отауы болады.
Осы біздің қазаққа жат пікірді сипап, сыдырып, тереңге кетпей, бір-ер мысал-мен сипаттайын.
Міне осы пікір, ат үстінен қарағанда, сенімсіз, түндей қараңғы, тексере келе, бұлыттан айыққан күндей, ашылады, соқырға таяқ ұстатқандай анық болады.
Әуелі құс пен жыланды алып ақыл талқысына салып, тексеріп көрелік: құстың жүні көрініс бойында қысқартылса, кесерткі-жылан қабығы көрініс бойында ұзартса, екеуі қарсы құда болмай ма? Құстың жалаңаш аяқ терісі дәл кесерткі-жылан қабығы едім деп тұрған жоқ па? Құс пен кесерткі-жылан көзінде айырма бар ма? Құста, кесерткі-жыланда жұмыртқа табады. Құс, кесерткі-жылан сүйек құрылысы-біз құс аспанға ұшады. Кесерткі-жылан мешел,шабан, сүйретіліп жорғалайды. Бұ қалай? Бұған жауап мынау: бұрын шабан құбылыс-эволюция жолында көкке ұшып, ағаш қонып, суда жүзетүн кесерткі, жылан, құстың бір аяғы жылан-кесерткедей бір аяғы құста, атасы болған. Осы атасынан кесерткі-жылан бір жақта, құс екінші жаққа айыра көшкен.
Енді китке келейік. Мұхитта кит деген балық бар. Осы күнгі жанды задтың ең денелісі. Киттің ұзыны он екі құлаш, жуандығы кісі бойы. Қойса, тілінің орнына темір төсек орын тебеді. Ауырлығы 6 мың пұд, 3 жүз жылқыдай. Бұда киіттің ең үлкені емес. Көрініс қалпы тап балық: қолы тап балықтың жүзгіш құралы-тарақ. Өзге шын балық улдіріктен-жұмыртқасы өсіп, өзгеріп балық болады. Кит баланы өзге емшекті жануарша ішіне көтереді, баласын сүтпен асырайды. Балық демді мойнындағы тілдіктен алады. Кит демін өкпемен алады. Осы мен балық кит біздің түйе, сиыр, жылқы, қой ешкі, арқар, қасқыр мен аталас болады.
Маймыл бір аяғы мен адам жолында екінші аяғымен емшектегі баласын сүтпен асырайтұн жануар жолында тұр. Осы маймыл адам мен жануардың арасындағы жалғасы.
Мұны шабан өзгеріс – құбылыс эволюция ізденіп тексеріп ақыл талқысына салып қараса, соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсетеді.
Адам тегін баяндайтұн шабан өзгеріс – құбылыс жолы осы Д.Н.Анучин кітабында жазылған.
Қыр баласы.
29 ІІ 24 Москве
Дерек пен сурет: Мырза Абайдың Facebook парақшасынан алынды