Жұманғарин жұмыртқаның қымбаттағанына алаңдаулы

1324
Adyrna.kz Telegram
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Сейсенбі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жұмыртқа неге қымбаттап жатыр, өсімдік майының құнын не үшін қадағалайды, нан мен ұнның бағасы өсе ме, қарапайым адамдар қай жерде сауда жасауы керек, жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы әдеттегідей шарықтай ма деген сұрақтарға да жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Серік Жұманғарин қарапайым адамдар үй маңындағы шағын дүкеннен емес, базар мен супермаркеттен сауда жасауы керек екенін айтты.

«Үйдің қасындағы шағын дүкендерде баға қымбат болады. Орта есеппен алғанда бір адам осындай дүкендерге нан, айран, сүт сатып алуға аптасына 4 рет барады. Ал көп тауар алу үшін супермаркеттерге 2 рет барады. Қымбат бағаға ұрынбау үшін қарапайым адамдар демалыс күндері базарда немесе супермаркеттерде сауда жасауы керек. Бұл жерде баға төмен болады. Үйдің қасындағы шағын дүкендердегі бағаны негізге алмау қажет. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенген дұрыс. Бұл сенуге болатын жалғыз мемлекеттік мекеме», – деді С. Жұманғарин.

Вице-премьер жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы шарықтап кетеді деп қорқудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Бағаның бірнеше есе өсуін күтпеу керек. Жаһандық үдерісте барлық елдердің ақша-несие саясаты аясында бұрандалар қатайтылып жатыр. Барлығы инфляциямен күресуде. Барлық елдерде инфляция күткеннен жоғары болып тұр. Біз бұдан тыс қала алмаймыз. Біз жабық емес, ашық елде өмір сүріп жатырмыз. Алайда инфляция шарықтап кетпейді. Бағаның айтарлықтай өсуі болмайды», – деді С. Жұманғарин.

Үкімет басшысының орынбасары жыл басынан бері жалпы инфляция 10,8%-ға дейін төмендегеніне назар аударды.

«Бір айда 1%-ға төмендеді. Қарашада жыл соңында 10 пайыздық дәлізге шығамыз ба деген сұрақтың жауабын білеміз деп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдарға бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Біз көкөністерді, атап айтқанда, қажетті мөлшерде сәбіз, пияз, қырыққабат және картоп сатып алдық. 9 өнімге тікелей тауар өндірушілерден, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінен міндетті сатып алу ережесін енгіздік», –деп қорытты ойын Премьер-министрдің орынбасары.

Дегенмен, Премьер-министрдің орынбасары соңғы 6 айда жұмыртқаның бағасы айтарлықтай қымбаттағанын мойындады.

«Бізді жұмыртқаның бағасы алаңдататып отыр. Ол қатты қымбаттап кетті. Талдау жүргізіп жатырмыз, жергілікті комиссиялар құрылды, оның құрамына бірқатар мемлекеттік органдар кіреді. Барлық құс фабрикалары көбінесе жеке тұлға болып табылатын делдалдар арқылы жұмыс істейді. Өйткені олар жұмыртқа үшін бірден қолма-қол ақша төлейді. Монополияға қарсы комитет схеманың ары қарай қалай жұмыс істейтінін зерделеп жатыр. Мұны анықтауға көп уақыт қажет. Біз жұмыртқаны ӘКК тікелей сатып алуы тиіс тауарлар санатына қостық. Яғни ӘКК құс фабрикаларына тікелей төлем жасап, олардан жұмыртқа сатып алуы керек. Сенбі күні алғашқы нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін», – деді С.Жұманғарин.

Вице-премьер өсімдік майының құнын үнемі қадағалап отыратынын алға тартты.

«Өсімдік майын үнемі қадағалап отырамын, өйткені бізде бағаны тұрақты ұстау жөнінде келісім бар. Сұйық майдың бағасы арзандап жатыр. Май өндірушілер міндеттемелерін орындап отыр», – деді С. Жұманғарин.

Премьер-министрдің орынбасары нанның бағасы өспейді деп сенімді сөйледі.

«Нанның бағасы қымбаттамайды. Бағаны ұстап тұру үшін барлық аймақта арнайы резерв, азық-түлік корпорациялары бар», – деді ол.

С. Жұманғарин ұн бағасы қатысты жағдай сәл басқаша екенін түсіндірді.

«Ұн бағасын төмендетуге қарастырылған резерв бар, бірақ үкімет бағасын ырықтандырмайтын ұн да бар. Биыл егіннің нашар шығуына байланысты ұн бағасы көтерілді. Бұған бидай бағасының қымбаттауы ғана емес, логистикадағы олқылықтар да әсер етті. Бүгінгі таңда мәселелердің барлығын шештік. Үйлестіру орталығы жұмыс істеп жатыр. Ұнға қатысты жағдай тұрақты», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, 2 келі бірінші сұрыпты ұнның бағасы шамамен 535 теңге тұрады. Алайда үйлердің астындағы дүкендерде басқа баға.

«Бұл бағаға мән берудің қажеті жоқ. Статистика ұнның орташа құны өзгермегенін көрсетіп отыр», – деді сұхбат беруші.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер