Отандық бренд. Ұшпаған «Сұңқар», шықпаған «Тұлпар» және «Қомағайдың» тәбеті

1640
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда жергілікті атаумен шығарылатын техникалар санаулы. Олардың кейбірі совет заманынан бері ілдебайлап жұмыс істеп келсе, кейбірі ашыла салып, жабылған. Өнімнің аты бар да, заты жоқ. Соның кейбіреулерін санамалап көрдік.

ҚАРТ «БАЛДЫРҒАН», ЖАС «NOMAD»

«Балдырған» – балаларға арналған үш аяқты велосипед түрі. Велосипед 2010 жылдан бастап Қарағанды қаласындағы Металл бұйымдары зауытында жасалады. Аталған зауыт 1968 жылдан бері бүлдіршіндерге арналған бұйымдар: балалар велосипедтерін, серуен арбашаларын, шаналар, сондай-ақ түрлі жүк арбашаларын шығарады. «Балдырған» велосипеді Мексикада «Сапаның ақық жұлдызы» атағымен марапатталып, халықаралық сапа сертификатына ие болған.

«Nomad» велигі – отандық «MERIDA-KZ» компаниясы шығаратын қос дөңгелекті велосипед. «MERIDA-KZ» компаниясы велосипедтер өндірісін 2007 жылы бастаған. Қос дөңгелекті көліктердің балаларға арналған, қалалық модельдерінен бастап МТВ-профи және ВМХ деңгейіне дейінгі 28-ден астам модельдерін шығарады.

НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТҰЛПАРЫ» ҚАЙДА ЕКЕН?

«Тұлпар» автомобиль зауыты 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар» автокөлігін жылына 40 мың данасын шығару жөнінде келісім шартқа отырған. Жобаға салынуы тиіс 1 миллион АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырады делінген.

1997 жылы сәуірде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғашқы «Тұлпар» сыйға тартылған. Президентке сыйланған «Тұлпар» Алматыдағы станок заводындағы Қазақстан мен Оңтүстік Кореяға ортақ «Достық-Интеравто» бірлескен кәсіпорнында, Оңтүстік Кореядан әкелінген бөлшектерден құрастырылған еді. Алайда 1998 жылы зауыт жабылып қалды. Ал Назарбаевқа сыйланған «Тұлпардың» қазір қайда екені айтылмайды...

«СҰҢҚАР» СОТТАЛДЫ МА?

«Сұңқар» – Қарағандыда «Сұңқар» зауыты жасап шығаруға тиісті төрт орынды ұшақ түрі. Негізгі ұшу техникалық мінездемелері: ұшақтың ұзындығы – 7,15 м, қанатының өрісі – 12,1 м, қанатының ауқымы – 14,1 кв.м, тиімді жүктеменің салмағы – 500 кг, ұшу салмағы – 1520 кг, қуаты – 250 л.с., жұмыс жылдамдығы – 125-130 км/час, ең үлкен жылдамдығы – 200 км/час, өнімділігі – 120 га/час, ұшу ұзақтығы – 1000км.
«Сұңқар» зауытында ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін «Фермер» ұшағы да өндірілуі керек болған.

Алайда 2011 жылы ашылған «Сұңқар» зауытының кейінгі тағдыры белгісіз. Тек зауыт ашылғаннан кейін екі жылдан соң «Фермер» ұшағының қаңқасы ғана жасалғаны мәлім.

Егер бұл зауыт әуелде хабарланғандай, жылына ондаған шығарып жататын болса, осы күнге дейін мақтаныш кернеп, үкімет жиынында айтылып жатар ма еді, кім білсін?! Соған қарағанда, бұл «Сұңқарлар» самғай алмай, «Фермерлер» жер шұқып қалған сияқты. Бір қызығы оған жұмсалған қаржының сұрауы, соты туралы да әзірге белгісіз қалып отыр.

«ҚОМАҒАЙ» ЖЕМЕЙДІ – БЕРЕДІ

«Қомағай» – мал шаруашылығына қажет жем-шөп турайтын құрал. Құралды Алматы қаласы ауылшаруашылық жабдықтарын шығаратын «Қомағай» компаниясы өндіреді.
«Қомағай» 220В – 380В аралығында жем, шөп, арпа-бидай турайды. Аталған компания 2009 жылдан бері нарықта жүр.

Бұл компанияның өнім ассортименті 200 бірліктен асады. Негізгі өнімдері – Қазақстан және одан тыс жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын шарулардың барлығына қажетті әмбебап шөп, сабан турағыштар, дәнді-дақылдарды ұсатқыштар, сауын аппараттары, электрлік қоршаулар.

ҮШТӨБЕГЕ КЕЛГЕН «АРЛАН», КЕРЕКУДЕН КЕТКЕН «ҚАЗАҚСТАН»

«Арлан» тракторы – Алматы облысының Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласында «ҚараталАгроТех» ауылшаруашылығы саласына арналған трактор құрастыратын зауытта жасалады. Зауытта 20-40 ат күші бар «Арлан-200», «Арлан-254» және «Арлан-404» шағын көлемді тракторлар құрастырылады. Бұдан бөлек аспалы және тіркеме жабдықтардың кең көлемді түрлерін шығарумен айналысады.

Алматы облысының тағы бір өнімі «Барыс» аккумоляторын – «Қайнар» отандық аккумулятор батареяларын өндіруші компаниясы шығарады. Бүгінгі күні «Қайнар АКБ» ЖШС – аккумуляторларды толық шығаратын Қазақстан кәсіпорны.

«Қазақстан» ДТ-75М – Павлодар трактор зауытында 1968-1986 жылдары шығарылған. Шынжыр табанды. Ауылшаруашылығы мен жол жұмыстарына пайдалануға арналған. Жұмыс салмағы – 6,36 тонна, максималды жылдамдығы – 11,2/4,54 км/сағ. Қазір Қазақстанда құрастырылып жатқан тракторлардан «Қазақстан» аталғаны жоқ. «Қазақстан» тракторы тек өткен күні келесі болып қалған.

БҮГІНГІНІҢ БЕС ҚАРУЫ

«Арлан» – «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясы шығаратын әскери көлік түрі. Бұл істі біздің әскери ғалымдар мен әзірлеушілер 2014 жылы қолға алған. 2016 жылы Қазақстан қарулы күштеріне отандық төл броневиктердің бірінші партиясы жеткен. Қазір олардың барлығы «Арлан» деп аталады. Көлік сағатына 100 километр жылдамдықпен жүре алады, баллистикалық шабуылдан сақтап, минаға төтеп беру үшін екі рет құрышпен қапталған.
«Арлан» жарықшақтарға төзімді әрі жарылыс күшін бейтараптандырады. Бронды машинамен -50°C аязда да, +50° ыстықта да жүруге болады. Әрі биологиялық және химиялық қаруға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылған.

Алайда «Арлан» көліктерінің сынақтан өткен-өтпегені жайында соңғы кезде қайшылықты мәліметтер тарай бастады.

«Найза» - "Israel Military Industries" компаниясымен бірлесе отырып шығарылған зымыран кешені. 2008 жылдан бері қолданыста екені айтылады. Бұл зымыран кешені 80 шақырымдағы нысананы жойып жіберуге қауқарлы.

«Семсер» - өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы. 2007 жылы Израильдің "Солтам" компаниясымен бірлесіп жасаған отандық өнім. Минутына 6 мәрте соққы береді. 16 шақырымдағы нысананы жоя алады..

«Барыс» - бронды әскери техникасы. 2А42 30-мм автоматты ату зеңбірегі орналасқан. Сыртқы брондық қорғанысы берік, іші ұрыс жүргізуге ыңғайлы етіп жасалған. «Барыс» – "Kazakhstan Paramount Engineering" компаниясының өнімі.

Динара Боранбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер