Ғылым мен білімнің деңгейі қандай?

1597
Adyrna.kz Telegram
yujanka.kz
yujanka.kz

Біздің бүгінгі ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған алтын дәуірі деуге келеді. Адамзаттың өмір сүруі ауырдың астымен, жеңілдің үстіне ойысып саусақтың ұшымен-ақ бүкіл әлемді басқарғысы келеді.

Сондықтан технологиялардың заманында ғылымды дамыту маңызды міндет болып табылады. Себебі ғылым қоғамды дамытуда және жаһандық мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарады. Осыдан-ақ ғылым біздің өміріміздің барлық саласын қамтитынына көз жеткізе аламыз.

Қазақстанда ғылым саласы тұрақтап қалған жоқ. Елімізде әр жыл сайын ғылыми әзірлемелерге өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп келеді. Оның үстіне ғылымды жанына серік еткен ғалымдар мен жаңа бастамашыларға арналған ұсыныс пен берілер мүмкіндік те мол.

Ғылыми жобалар мен бастамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып, жаңа идеялар жүзеге асырылуда. Негізінен қазақ ғылымы дамуының басты күші – ғылыми-зерттеу институттары мен түрлі бағытта білім беретін жоғары оқу орындары.

Мемлекетіміз етек-жеңін жинап, егемендікке қол жеткізгеннен бастап әлемдік аренада бәсекеге қабілетті ел болуға ұмтылып келеді. Соңғы үш жылдыққа көз салсақ, елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын жалпы 380-нен астам ұйым жұмыс істейді.  Осы ұйымдардың ұйымдастыруымен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар іске асырылуда. Осы арқылы отандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылымның үлесін арттыруға зор мүмкіндіктер туып жатқанын көре аламыз.

Республикамызда білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы үш жыл бұрын қабылданған. Жоспар бойынша осы бес жылдықта бағдарламаны іске асыру құны толығымен 11,5 млрд теңге қаржыны құраған.

Отандық ғылым бүгінде дамудың даңғыл жолына қадам басқан дей аламыз. Сөзіміздің дәлелі ғылым сапасын жақсартудағы шараларды іске асырып, оның сапалы нәтижесіне қол жеткізгенін көре аламыз. Бастысы соңғы жылмен салыстырғанда ғылымды қаржыландыру сатысы жеті есеге дейін  ұлғайған.

Иә, бүгінде ғылымның құдіретін ақшамен шектеуге болмайды. Дегенмен, болашақтың іргетасын қалау үшін ғалымдарымызға ғылыммен айналысуға толық жағдай қажет екені айқын. Бүгінде жас ғалымдарды қолдау мақсатында  түрлі бағдарламалар мен стипендиялар да тағайындалған.

Осы тұста жыл сайын ғалымдардың еңбегін қолдап, идеясын жүзеге асыру мақсатында  дарынды жастар ұрпақтың барша бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөліп, сан алуан конкурстар мен түрлі форумдар ұйымдастырылып, сыйақылар табысталуда. Тіпті еліміздің ғылым деңгейін халықаралық дәрежеде көтеру үшін алыс-жақын шетелдерден қатысушылар мен қонақтар шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалып келеді.

Ең бастысы ғылыми жобада бір жылы жолы болмаған ғалым не жас өнертапқыш өзінің екінші мүмкіндігін жылдар бойы күтпейді. Жыл сайынғы республикалық, халықаралық деңгейде бақ сынап, өз білімін дәлелдеуге мүмкіндік ала алады. Осындай жобалардың арқасында ғылым мен техниканың ұштасып, жастарға қызығушылық сыйлап, ғылымның алға ілгерілеген көрінісі деуге келеді.

Ғылыми жобалар мектеп оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері мен білім беретін ұстаздарға білім категориясына байланысты ұйымдастырылады.

Атап айтар болсақ екі жыл бұрын еліміздегі бірнеше оқу орындарының саны қысқарған болатын. Яғни саны болғанымен, сапасы нашар, білім беру дәежесі көпшіліктің көңілінен шықпайтын оқу ордалары жабылып, студенттер сапалы білім бере алатын оқу орындарына ауысқан. Тіпті жыл сайын төрт не одан да көп оқу орнының лицензиясынан айырылуы не болмаса өзінің кәсібилігін көрсетуі бұл мемлекет үшін әлдеқайда пайдалы. Осындай бәсекелестік пен рейтингтің арқасында еліміздегі білім мен ғылым сапасы артып, ғылымға қойылатын талаптар да жыл сайын жоғарламақ.

Елімізде ғылым деңгейінің алға жылжуына тағы бір дәлел бар. Ол - ЮНЕСКО Статистика институтының (UIS) дерегі. Ол бойынша Қазақстандағы әр миллион адамның 790-ында ғылыми атақ пен дәреже бар екені белгілі болған. Осыған орай білім беруде студенттерге бөлінетін мемлекеттік гранттар саны мен мемлекеттік стипендияның артуы да талайға қуаныш сыйлаған.  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша төрт жыл ішінде бакалавриат бағдарламаларына бөлінген гранттар саны 1,7 есеге дейін артса, магистратураға түсем деушілерге 1,8 есеге, ал докторантураны жоспарлаған мамандарға 3,7 есеге дейін гранттар саны артты.

Мемлекет тарапынан ұсынылған осындай мол мүмкіндіктерді пайдаланып, елді көркейту қазіргі жастардың білімі мен ақылында екенін естен шығармайық.

Пікірлер