Саян Хамитжанов ресми түрде «Астана» футбол клубының бас директоры қызметіне оралды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Астана» ФК сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін С.Хамитжановтың басшылығымен астаналық клуб бірнеше рет Қазақстан чемпионатының алтын жүлдегері атанып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне, УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан болатын.
Саян Хамитжановтың айтуынша, ол астаналық клуб басшысы қызметін тегін атқарады.
«Біріншіден, клубтың құрылтайшыларына маған артқан сенімі үшін алғыс білдіргім келеді, бар күшімді салып, ақтауға тырысамын. Құрылтайшылармен келісім бойынша мен басшы ретіндегі міндетімді ақысыз негізде атқарамын. Өйткені, футбол – өмірдегі ең басты хоббиім», - деді ол.
Клубтың бас директоры алдағы үш жылда футбол академиясы мен спорттық база құратынын нық сеніммен айтты.
«Әрине, өз инфрақұрылымымызды құру үшін мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру қажет. Бірақ өз кезегінде, кез келген жағдайда, қандай мәселе болмасын, біз алдағы үш жылда бұл жобаларды жүзеге асыратынымызды сенімді түрде айтқым келеді. Бізде футбол академиясы мен спорт базасы болады. «Астана» футбол клубы отандық футболдың флагманы бола отырып, барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жеке инфрақұрылымы болуына әбден лайық», - дейді С.Хамитжанов.
Еске салсақ, Саян Хамитжанов 2015-2018 жылдар аралығында аталмыш клубтың президенті болған. 2018 жылдың 31 желтоқсанында еңбек келісімшартының аяқталуына байланысты ол қызметінен кеткен еді.
«Адырна» ұлттық порталы