СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ: Бір жылдары Қарадала қатты қозғалды. "Аудан атын өзгертуге сұрау салам,"- деді әкім...

4617
Adyrna.kz Telegram

Әрнәрсенің айтылар уақыты болады ғой… Бір жылдары Қарадала қатты қозғалды. Түнгі бірде телефон безілдеп алып барады, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат екен:

- Аға, сіздің көмегіңіз керек, Шонжыға келесіз бе? - деді. Әкім екі күн сол жақта сенделіп жүрген еді, журналистер көп.

Ыңғайсыз қолқа салар деп:

- Ғалымұрат, мен бармаймын, журналистерге сюжеттеріңді жұмсартып бер деп айтпаймын, қызметтен ұят қымбат, - дедім.

- Жо-жоқ аға, мұнда сіз танитын жігіттер көп екен, сәл сабырға шақыруға көмектессеңіз, әкім талаптарына көніп тұр, - деді.

Сөйтіп телефонды облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасарына беріп еді ол да хатшы сөзін қайталады. Мақұл деп таңғы 8,30-да Қарадаланың орталығына жеттім. Полициядан кордон тартылып жатыр екен, "халықпен соғысуға келген жоқсыздар ғой, алып тастаған жөн шығар" деп едім орынбасар ойланып тұрып, келісті.

Жарты сағаттан соң жиналған қалың жұрт күш қолданбақ пейіл жоқ екенін көріп, сәл сабаға түсті. Одан әкім келді: "Не ақыл қосасыңдар?!" - деді. Орынбасары, полиция бастығы тұр. Орайы келгенде аузыма ілінгені: "Дәл бүгін аудан атын өзгертіп үлгермессіз, аудан әкіміне бір қазақ отырғызсаңыз ел тілегі жартылай болса да қабыл болады, "- дедім.

Әкімдіктің 70-80 пайызы басқа ұлттан екені де ел ызасына себеп еді. Обалы не, Амандық Ғаббасұлы: "Өзім де сол ойға тоқтап отырмын,"- деді.

Жиналғандар марқұм Жолан бауырымызды ұсындық. "Ол онсыз да күрделі ауданда отыр, ойлану керек, бірақ екі аптада шешімді жүзеге асырам, одан арыда аудан атын өзгертуге сұрау салам," - деді әкім.

Сыртқа шықсам Бекжан Тұрыс ағам жігіттерге бас болып жүр екен, “Аға, осылай болды, сөз ыңғайы осындай” - деп кеңесіп едім, "Қазір кіремін, уәдесін алып шығамын," - деді.

Шағын кеңесте бізге берілген уәдені ол кісі де әкім аузынан өз құлағымен естіп, жадырап шықты. Сеңнің шеті сөгілгендей болғанын сезген жұрт жарқырап, қауқылдасып қалды. Ғалымұрат қызметіне кірісіп, журналистер "ел үні естілді" деп хабар беріп жатты. Жүрегіміз жарылардай боп еді…

Көпке бармады, әкімге біреу Астанадан звондап, сілікпесін шығарыпты. Уәде орындалмады. Хабарды қуана таратқан хатшы жазықты болып қалды. Бірақ аудан орталығындағы біраз көшені қазақшалауға күш салдық, оған Болат Керімбектің еңбегі көп сіңді.

Енді сол ауданға Бота Серікқызы әкім болды деп жатыр, Совет заманынан берідегі бір нық қадам болған екен, құтты болсын!

 

Serik Abikenuly

 

 

 

 

Пікірлер