Әдебиет әлемінің Әкімі. Көрнекті жазушы Әкім Тарази 90 жасқа келді

2603
Adyrna.kz Telegram

Бүгін жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Әкім Үртайұлы (Әкім Тарази) Әшімовтің туған күні. Қаламгер 90 жастың белесіне өрледі, толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жазушы Алматы қаласында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетін, Мәскеудегі сценаристердің жоғары курсын бітірген.

Еңбек жолын орта мектеп мұғалімі болып бастаған. 1956-1958 жылдары - «Ара» журналының әдеби қызметкері. 1958-1959 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы. 1962-1970 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясы редакциялық алқасының мүшесі, бас редакторы. 1970-1971 жылдары - «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі. 1971-1980 жылдары Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы. 1986-1998 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Басынан Қаратаудың...», «Кен», «Тәж» повестері, әңгімелері, романдары жарияланды. Сондай-ақ «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», т.б. пьесалардың, «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бірқатар кітаптары шет ел тілдеріне аударылған. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Тоқсан жасқа келуіне орай Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы құттықтап, жазушыға шапан жапты.

- Әкім Тарази жампоз жазушы ғана емес, дарынды драматург, ұлттық киноның келісті келбетін қалыптастырған қаламгер. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мәдениетін өркендетуге үлкен үлес қосқан тұлға.

Бүгін Әкім ағаны мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткіздім. Біз үйіне кіргенде қарт жазушы домбыра шертіп, баяу ән айтып отыр екен. Тоқсанның төріне шыққан ақсақалдың ерте оянып, сергек отырғанын көргенде, шын тебірендік. Көңілі кіршіксіз, ниеті ақ, адамзаттың барлығын бауырым деп білетін абзал адам дәл осындай болса керек, - деді Ерлан Қарин.

"Адырна" ұлттық порталының ұжымы да жазушыға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен кеніш көңіл тілейді. Жасай беріңіз, әдебиет әлемінің Әкімі!

Видеода сазгер Нұркен Әшіровтың Әкім Таразидің шаңырағында күй шерту сәті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер