Енді 15 жастан асқан жасөспірімдер пойызбен жүру үшін ата-анасының сенімхатын алмайды. Бұл туралы көлік прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бас көлік прокуратурасы жоспарлы талдау нәтижесі бойынша инвестициялар және даму министрінің бұйрығына наразылық білдірді.
«Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес 15 және одан асқан балалар «ҚТЖ»ҰК» АҚ-ның қызметтерін заңды өкілден нотариалды куәландырылған жазбаша келісім мен сенімхат болған жағдайда ғана дербес пайдалана алатыны анықталды.
Бұл норма Азаматтық кодекс пен «Нотариат туралы» заңға сәйкес «келісімді» куәландыру жеке нотариаттық іс-әрекет болып саналатынын және «сенімхат» түрінде басқа құжатты ресімдеуді талап етпейтінін ескермеген.
Бұл ережелерді қолдану мониторингі көрсеткендей, жолсеріктер осы қағидаларға сілтеме жасап, бұндай жолаушылар сапарға жіберілмей немесе оларды қозғалыс барысында алынып тасталынған жағдайлар болған.
Бүгінгі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі прокуратураның наразылығын толық көлемде қанағаттандырды және «ҚТЖ» ҰК»АҚ бір ғана құжаттың (нотариалды куәландырылған келісім) болуы бойынша осындай қызметтер көрсету туралы нұсқау берді, - деп атап өтті Көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Одан бөлек, уәкілетті орган Жолаушыларды темір жол көлігімен тасымалдау жөніндегі қағидаларға тиісті түзетулер енгізу және жалпы оны жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.