Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 72 түлегі бүгін білім туралы куәліктерін алды.
Бұл күні құттықтаулар мен көптеген жылы лебіздер айтылды. Ата-аналар, ұстаздар түлектерді өмірдің ең үлкен мектебіне аттандырды, өз кезегінде оқушылар мектеп ұжымына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Зияткерлік мектептің «Алтын белгі» үміткерлері Асель Дюсембинова, Ерасыл Нұрболұлы, Даниил Яровой өз білімдерін растады, ал жеті оқушы Камила Амангельдина, Мирас Болатбек, Әміржан Емберген, Еренай Каратаева, Томирис Рақымбай, Қарақат Тілеуғазы, Санжар Тұрғанбек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Он жеті түлек АҚШ, Жапония, Гонконг, Венгрия, Италия және Ресейдің ең үздік жоғары оқу орындарына оқуға шақырту алды.
Салтанатты шараның бейресми бөлімі түлектер, ата-аналар қатысуымен мюзикл стилінде өтті. Ата-аналардың сазды сәлемі кеш қонақтарына ерекше сыйлық болды.
Назарбаев Университетінің түлегі, мектеп түлегі, Яндекс компаниясының бағдарламалық әзірлеушісі Дастан Иемберген биылғы түлектерге құттықтау сөзін жолдады.
Кеш Зияткерлік мектептің түлектеріне «Alumni Nazarbayev Intellectual Schools» қауымдастықтың төсбелгілерін табыстау рәсімімен аяқталды.