«Бастысы – фокусты жоғалтпау керек». ҰБТ-дан кейінгі өмір

1793
Adyrna.kz Telegram

Мектеп түлектері арасында тестілеуден 6 жылдан соң рекорд жаңартып максималды 140 балл иесі болған Жаннұр Еңсебек өзінің өмір салты, хоббиі және әзірлік барысындағы іс-тәжірибесімен бөліседі.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының мәліметінше 2024 жылғы жалғыз рекорд орнатқан оқушы – Жаннұр Еңсебек.  Ол Алматы облысы Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебін алтын белгімен бітірген. Рекордсмен түлек «Адырна» тілшісіне 140 баллдың құпиясы жайлы айтып берді.

«ЕШҚАНДАЙ ҚҰРБАНДЫҚҚА БАРМАДЫМ»

- ҰБТ-дан соң өмірің қалай өзгерді, адамдар тани бастады ма? Ішкі сезімдеріңмен бөліссең?

- Барлық орта, адамдар, достарым, сыныптастарым шулап осы жаңалықты айтып тауыса алмай жатыр. Барлығы эмоцияаңды көрсетпейсің деп айтады. Бірақ мен бір апта бойы қуаныштан жарылып, төбем көкке бір елі жетпей жүрді, тек сол сәттер видеоға түспей қалғаны болмаса.

Тест тапсырып үйге келгенде ата-анам, сыныптастарым  күтіп алғанда таңғалдым. Тіпті көшеде жүрген сәтте кейбір адамдар танып, «сен 140 балл алған бала емессің бе» деп жатады. Достарым, жақындарыма негізі ҰБТ-ны 27-сі емес, 28-і тапсырамын деп айтқан болатынмын.

- 140 балл алатыныңа сенімді болдың ба? Әлде қорықтың ба? Саған мақсатқа жетуге не шабыт берді?

- Басында қорықтым. Себебі бірінші ҰБТ-дан 132 балл алдым. Сонда да қорқыныш болған, енді одан жоғары ала алмаймын дедім. Сенім өшті. Тіпті алдыңғы ҰБТ-дан соң бір апта бойы дайындығымды тоқтатып тастадым.

Содан кейін кураторларым «сенен 140 балл иегері шығады» деген сенім, қолдау білдірді. Одан соң, Hyuindai Sonato автокөлігі маған шабыт берді. Наурыз айынан бастап көлікті алуым керек деген мақсат қойдым .

Кураторларымның берген қолдауы көп көмегін тигізді. Екі тестің арасы бір ай болды. Бірінші тестті тапсырып, бір апта демалыстан соң дайындығымды қайтадан бастадым.

- Мұндай жетістіктің құпиясы неде? Нәтижеге жету үшін қандай әдеттерден бас  тарттың, нені құрбан еттің?

- Ешқандай. Достарыммен арасында ойнауға да шығып тұрдым, әлеуметтік желілерді де өшірген жоқпын. Арасында жаңалықтарды көруге кіріп тұратынмын. Тек сабақты ғана ойлап, басқа дүниелерді ұмытуға болмайды деп ойлаймын. Бастысы фокусты жоғалтып алмау керек.

«GOOGLE» СЕКІЛДІ КОМПАНИЯДА ЖҰМЫС ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ»

- Болашақта шетелде оқу ойыңда бар ма? Алдағы 5 жылыңды қалай елестесің?

- Шетелде оқу әзірге жоспарымда жоқ. Бірақ тәжірибе алмасуға, жұмыс жасауға барғым келеді. Алдағы 5 жылымда SDU университетін аяқтаймын. Егер барлығы жақсы болып жатса, «Google» секілді компанияларда жұмыс жасағым келеді. Үлкен компанияларда жұмыс жасап, бағымды сынап көрсем деймін.

- Үйіңде қанша ағайындысыңдар? Байқауымша ата-анаңа жақынсың. Алматы секілді үлкен қалаға көшу ойыңда бар ма?

- Үйде мен және қарындасым. Иә, ата-анама жақынмын. Барлық дүниені ата-анаммен ақылдаса отырып шешемін. Үлкен қалаға көшу жайлы айтар болсам, әзірше тек пәтер жалға алып Алматыға көшемін, қалғанын болашақта көре жатырмыз.

- Қазақстанның дамуына, өз мамандығың бойынша IT саласын дамытып, жеке компания ашу ойыңда бар ма?

- Ойымда бар, бірақ идея жоқ. Бізге дейін барлығы ойлап табылған, барлығы жасалып қойылған сияқты көрінеді әзірге. Алдағы уақытта еліміздің дамуына үлес қосу ойымда бар. Мықты компанияларда IT саласы бойынша жұмыс жасап, тәжірибе алмасқым келеді.

«АҚШ ЕЛІНДЕ ЖҰМЫС ЖАСАП КӨРГІМ КЕЛЕДІ»

- Қандай мемлекеттерде саяхаттағың келеді? Магистратураны шетелде оқу ойыңда бар ма?

- АҚШ еліне барғым келеді. Бірақ ол жаққа бару мүмкін бе деп ойлаймын. АҚШ-та жұмыс жасап көргім келеді. Магистратураны шетелде оқу жайлы әлі ойланбадым. Еуропа елдеріне әлі қызығып көрмедім.

- Хоббиың бар ма? Кітап оқисың ба, қандай жанрдағы кітаптарды оқисың? Көп армандап, қиялдайсың ба? Арман-мақсаттарыңды жазасың ба?

- Хоббиым шахмат. Шахмат ойыны бойынша рейтингім өте жоғары. Одан бөлек жақын арада  үстел теннисін ойнап бастадым. Ешқандай кітап оқымаймын, оқып та көрмеппін. Осы уақытқа дейін бір қызығы – кітап оқып көрмеппін... Армандаймын бірақ оларды жазбаймын, тек іште сақтап жүремін...

- Бағаңа күмәнданып, Ұлттық тестілеу орталығы қайтадан жазбаларды тексереміз деп айтқан жоқ па?  Сатып алған деген алып-қашпа әңгімелер айтылып қалып жүрген жоқ па?

- Ұлттық тестілеу орталығы 140 балл иегері деп  ресми түрде жариялап парақшаларына салып қойған. Жазба астында егер күмән тудыратын іс-әрекеттер байқалса, 31 қазанға дейін жазбалар қайта қаралады. Уақыты жеткенде жазбалар жойылады деген. Ал мен тест тапсырған мекен-жай бойынша аудиториядағы ортақ камералар жұмыс жасамайды екен.

ҚҰПИЯ СЫРЫ. «АЗ-АЗДАН ҮЗДІКСІЗ ДАЙЫНДАЛУ»

- Сонымен, нақты айтар болсақ бұл 140 баллға жетудің құпиясы сыры неде? Қандай фишкаң бар?

- 140 баллдың құпиясы  - «аз-аздан үздіксіз дайындалу». Тек тұрақты 2 жыл бойы жасалынған дайындық және бастысы сенім болды. Курста берілген тапсырмалдарды бірден орындап отырдым.  Бастапқы уақытта  жүйелі дайындық болмады, іс-әрекеттерім кері кетіп, дайындалғым келмейтін сәттер болды.

Кейін ақпан айынан бастап  айлық, апталық жоспар құрып, ретке келтіре бастадым. Дайындығымды қайтадан қолыма алдым. Қиындық тудырған кейбір пәндер болды.

Атап айтсам, Қазақстан тарихы пәні. Дайындығымды 11 сыныптан дәл  сол пәннен кеш бастадым. Маған  күн, жылдар жаттаған қиындық тудырады.

Тест тапсыру барысында берілген 4 сағаттың 2 сағатында барлық тапсырманы аяқтап, 90 минутын қайта тексеріп қарап шығуға арнадым.

Маған артылған сенім және қайтсем де автокөлікті алуым қажет деген мақсат көкейімде тұрды. Тек оқып қана қоймадым. Ойлау жүйеммен  өзімнің сол баллды аламын, қолымнан келеді, мен жасаймын деген ұстаным, мақсатпен жұмыс жасадым. Мақсатыма жетіп көзіме жас келді. Барлық эмоция тек автокөлікті алу барысында шықты. Сол сәтте өзімнің мақсатқа толықтай жеткеніме, арманымның орындалғанына көз жеткіздім.

- Келер жылы ҰБТ тапсыратын талапкерлерге қандай кеңес айтасың? Неден бастағаны дұрыс?

- Атап өтетін жайт – дайындықты ерте бастаған дұрыс. Базалық білімді мектеп қабырғасынан бастап жақсы жетілдіру қажет. Дайындықты тоқтатпай, аз-аздан үздіксіз деген ұстанымды берік ұстану қажет. Бастысы өзіңе, нәтижеге, мақсатыңа деген сенім.

- Сұхбат бергеніңе рахмет!

​​​​​​​​​Фариза Нұрболатқызы

Пікірлер