Жазушылар құрылтайы енді фотографтар шағымына ұласты

2564
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайында қаламгерлерге таратылған  «Әдеби өмір» фотошежіресінен дау шықты. Бұл жинаққа жарияланған суреттер рұқсатсыз жарияланғаны айтылады. Бұған қоса суреттің авторлары көрсетілмеген. Туынды иелері енді заңды жолмен қуынуды жөн санап отыр.

Бұл фотоальбом Жазушылар одағының 85 жылдығына арналып шығарылған екен. Ал биыл құрылғанына 98 жыл толатын бірлестіктің жинақты неге қазір таратып жатқанын ешкім сұрап жатқан жоқ.

«ӘДЕБИ ӨМІР ДЕ, ФОТОШЕЖІРЕ ДЕ ЕЛГЕ КЕРЕК»

Дау авторлық құқық мәселесінен туындап отыр. Фотографтар альбом жазушыларға таратылғаннан кейін барып, өз туындыларын көріп айран-асыр таңғалғанға ұқсайды.

Бұл туралы бірінші болып, белгілі фотограф Шүкір Шахай әлеуметтік желіде дабыл қаққан. Оған басқа да фотографтар мен басқа да шығармашылық өкілдері мен қарапайым адамдар үлес қосқан.

«Еңбегім кетті далаға... Әдеби өмір де, фотошежіре де елге керек. Бірақ осының бәрін өз ретімен, өз жөнімен атқарған жөн. Сол фотоальбомда мен түсірген бақандай алты сурет жарияланыпты. Алайда еш жерде аты-жөнім көрсетілмеген. Жалғыз мен емес, басқа фототілшілердің де ешқайсысының есімі жазылмаған. Бұл не сонда? Еңбегіміз неге еленбейді? Осы кітапты құрастыру барысында бір фототілшіден сұраса, барлық суретті анықтап береді ғой. Құдайға шүкір, бір-бірінің балаларын жақсы білетін жақын достар секілді біз де түсірген суреттерімізді бір қарағаннан түстеп танимыз. Сондықтан бұл аса қиын шаруа емес. Рас, кейде суреттер әлеуметтік желіде авторсыз жарияланып кете береді. Содан ала салып, Жазушылар одағы сияқты салмақты мекеме шығаратын салиқалы кітапқа авторын көрсетпей баса салғандарыңыз қалай?»-деді ол.

Көпшілік оны қолдаған.

«ҚОЙЫРТПАҚ ЖАСАП ЖІБЕРГЕН»

Жазушы Бейбіт Сапаралы әлеуметтік желіге жазған пікірінде жинақта сурет авторларына көңіл бөлінбегенін атап өтті.

«Фотошежірені енді ғана қолға алып, асықпай парақтап шықтық. Фото авторларына еш көңіл бөлінбеген. Ашық ақпарат көздерінен алдық деп қоя салған. Барынша атап өту керек еді. Аталмыш жинақ 2019 жылы 2000 таралыммен басылған. Одан бері қаншама алқалы жиындар өтті немесе чат арқылы да хабар беріп, қол қойдырып таратуға болатын еді ғой? Кітап басылар алдында фото жинақтап сұрау да салған емес. Шежіре болған соң уақыт, заман, кезең тәртібі қатаң сақталса керек-ті. Жоқ, олай емес, алпыс жыл бұрынғы фото мен бертіңгі жас қаламгерлер суреті теңдей беріліп, сапырылысып кеткен. Кәмен Оразалин, Жәнібек Кәрменов сияқты марқұмдардың бірде-бір фотосы жоқ?! Біз сияқты алпысқа бет алғандардың да жеке тұрмақ, көппен түскен бір фотомыз жоқ?! Жасына, еңбегіне, атағына қарамай араластырып қойыртпақ жасап жіберген.  «Әдеби өмір» деген атау да өте дәл келмейді. Өзге ұлт қаламгерлері өкілдері де аз қамтылған. Одақтың атынан әбден ойласып шығарылған кітап деуге еш келмейді», - деп пікір білдірген жазушы.

«ЖАЗЫЛМАСА НЕ БОПТЫ?..»

Ал фототілші Нахып Шынтеміров болса, елімізде фотографтардың еңбегі лайық деңгейде бағаланбайтынын жазып, шағынған

«Осы сынды жайт менің басымнан да бірнеше рет өтті. Белгілі бір журналдың редакторы менен суреттер алып, бір санына 25 шақты фотоны жариялаған болатын. Ең сорақысы – авторлық құқық сақталмаған. Неге cуреттерде менің аты-жөнім берілмеген десем, «ұмытып кетіппіз» дейді.

«Жазылмаса не болыпты? Бұрындары да жарияладық қой, оның үстінен сенің жұмыс орныңмен келісім шартымыз бар» деген жауап алдым. Бұл ақпарат тарату мен авторлық құқық, журналистік этика нормалары сынды біз бағынатын заңдылықтарға қайшы емес пе? Суретті түсірген автордың аты аталуы тиіс. Сондықтан фотографтарға қатысты авторлық құқық туралы заңды толықтыру керек. Сол кезде ғана еңбек бағаланады!»- деп назын айтты ол.

Жазба авторы Шүкір Шахайды Жанарбек Әшімжан, Кенжеғали Мыржықбай, Сәуле Жанпейісова, Жолтай Жұмат-Әлмашұлы сынды белгілі тұлғалар қолдап, пікір білдірді.

«ШАЛА БҮЛІНІП ЖАТҚАН ЖОҚПЫН»

Бұған қоса, дау тудырған фото-жинақты шығарғандарды ғана қолдап, фотографтарға наз айтқандар да жоқ емес.

Мәселен, Талап Қараш былай деп жазған:

«Қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбу Сәрсенбаев пен пен ақын анам Қанипа Бұғыбаеваның бір тал фотосуреті осы кітапқа енгеніне қуандым! Бірақ фото менің мұрағатымнан алынған еді деп, шала бүлініп жатқан жоқпын! Қайта Қазақ руханияты үшін осындай еңбектің жарыққа шыққанына бəрекелді деп отырмын! "Көш жүре түзелер"! Сабыр сақтайық əріптестер!

«Адырна» тілшісі фотожурналиспен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.

 - Суреттерімді «Тәуелсіздік: Қас-қағым сәт» деген фотоальбомымнан көшіріп алған секілді. Маған ешкім хабарласпады. Жазбамды оқыған басқа да фототілші әріптестерім өз шағымдарын айтып, мені қолдап жатыр, - деді Шүкір Шахай.

«СОТҚА БЕРУГЕ БОЛАДЫ»

Біз не себепті сурет авторларының көрсетілмегенін білу үшін жинақты құрастырған Ғалым Қалибекұлына хабарластық. Ол соңғы құрылтайда Жазушылар одағы төрағасының орынбасарларының бірі болып бекіген. Біз осы даудың мән-жайын сұрағанымызда, ол қолының тимей жатқанын айтып, жауап беруге аса ықыласты болмады. Шамасы, жаңа қызметіне енді кіріскен шығар деп жобалағаннан басқа амал қалмады.

Ал заңгер Мәулен Спанкұловтың айтуынша, фото мәселесінде де авторлық құқық заңмен қорғалады.

«Туынды авторлары суреттерін рұқсатсыз пайдаланған адамдарға қатысты өз наразылықтарын білдіре алады. Егер ұйымдастыршылар талап-тілектерді орындамаса, арыз жазып, оларды сотқа беруге болады. Бұл іс Қылмыстық Кодекстің 198-бабы, яғни Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу бойынша қаралады. Заң бойынша 80 АЕК-ке дейін айыппұл салынады»,—деді маман.

Елдегі медиа саласында және әлеуметтік желіде мұндай дау жиі көтереліп жатады. Соған қарамастан, суретті рұқсатсыз пайдалану тыйылмай тұр. 2018   жылы тағы бір фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы «Рухани жаңғыру» ұранына өзінің фотосын рұқсатсыз жариялағаны үшін Алматы әкімдігін сотқа берген. Сот әкімдікті өтамақы төлеуге міндеттеген.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер