Осы жылғы Рамазан айында біршама мұсылманның дұғасы қабыл болса, енді біраз жұрттың қарны тойып қалды. Ауызашар асына қырғидай тигендердің видеосы әлеуметтік желіні шарлап, қоғамда үлкен дау туғызды. Мұны бірі «масылдықтың шарықтау шегі» десе, енді бір жұрт «қарны аш адамдар арамызды көп, осындай міскіндерді тойдыру керек» десіп жатты.
Әңгіменің ауанын түсінбей жатқан оқырман үшін сәл кері шегініс жасап кетсек. Рамазан айында еліміздегі барлық мешіттерде ауызашар беріледі. Бірақ, мыңдаған адам үшін дастархан жайылмайтыны белгілі. Мешітке ауызашуға ниеттеніп келген жүздеген адам үшін ауызашар дастарханы жайылады. Осы жылы Алматы қаласы орталық мешітіндегі бірнеше оқиға қоғам назарына ілікті. Соның бірі – ауызашар уақыты кіре салысымен жаюлы дастарханға жапатармағай именген көпшілік. Аштықтан келгендей қолдарына бір-бір дорба ұстап, бір қолымен ауызына, екінші қолмен дорбаға дастархандағы іліккен азықты салып жатқандардың әрекеті қоғамда наразылық тудырды. Бет-бейнесіне қарасаң тәп-тәуір киінген адамдар. Бірақ, масылдық бойын дендеп алған ба дерсің. Ел ішінде мұндай оқиғаларды көптеп байқауға болады. Бір күні мешіт жанынан қорап толы ұлттық сусынымыз шұбат алып өтіп бара жатсақ, көшеден өтіп бара жатқан аяқ-қолы балғадай, еңгезердей жігіт ағасы «сүт алып бара жатырсыңдар ма, маған біреуін беріңдерші, өтініш» деп қиыла кетті. «Тегін емес, сату үшін мұның бәрі» десек те қоймай «өтініп сұраймын біреуін ғана берсеңдер болды» дейді. Сонда бұл не? Патерналистік көңіл-күйдің мүшкіл ахуалын көрсетіп тұр.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деп басып айтқан болатын.