Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары – Марат Дайрабаев пен Дидар Молдахалық мемлекетке 550 миллион теңге шығын келтірді деп айыпталып, 5 жылға шартты жазамен сотталған болатын. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған Ерлан Күлекеевті 6 жыл, Елжан Елібай 5 жылға сотталды. Бұл жерде депутаттың екі ұлы жеңіл жазамен құтылып кеткен секілді. Екі ұлының жеңіл жаза алуына Жигули Дайрабаевтың қатысы бар ма және «Ауыл» партиясы оны депутаттық мандаттан айыра ма? Осы және өзге де сұрақтарды «Ауыл» партиясының атынан депутат болған азаматтарға қойдық.
– Ерболат Байзақұлы, Жигули Даирабаевтың баласы істі болып, 5 жылға шартты жазамен сотталды. Осыған байланысты «Ауыл» партиясы қандай шешім шығарады?
– Қазақта ертеден келе жатқан «Әкенің ісіне бала, баланың ісіне әке жауап бермейді» деген сөз бар. Егер бала кәмелет жасқа толмаған бала болса, онда ата-анасы жауап беру керек. Кәмелетке жасы толған әрі Қазақстан Республикасының азаматы қылмыс жасаса немесе қандайда бір кемшілік жасаса заң алдында өзі жауап береді. Сондықтан Жигули Дайрабаевтың балаларының мынадай іске баруына байланысты мен жеке өз басым ол кісі туралы мазалап, артық сөз айтқым келмейді. Өйткені бала әкенің ісіне, әке баланың ісіне жауап бермейді. Екеуі де кәмелет жасқа толған азаматтар.
– Бірақ қазір әлеуметтік желіде депутаттың отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Алдағы уақытта Дайрабаев мандатын тапсырып бере ме?
– Менің ойымша, мандатты тапсырудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Өйткені Жилуги Дайрабаев осы уақытқа дейін халық үшін жұмыс істеп келді. Фермерлер одағын құрып, оның осы деңгейге жетіп, ауыл шаруашылығының дамуына сіңірген еңбегі зор.
– Екі баласы ауыл шаруашылығына қатысты субсиядаға байланысты айыпты болып отыр. Бұл іске танымал әкесінің қатысы жоқ па?
– Ол жағын мен білмеймін. Оған нақты жауап бере алмаймын.
«Ауыл» партиясының атынан мәжіліс депутаты болған Анас Бақтықожаев Ерболат Саурықов секілді әріптесін жақтап отыр.
«Оған мін таға алмаймыз. Ол мандатын тапсырмайды. Мен фракцияның мәлімдемесін айтып отырмын. Оның абыройы бар, ары таза. Біздің партиямыздың фронтмені. Сондықтан, фракция ретінде позициямыз осындай», - деді Анас Бақтықожаев.
«Ал баласы үшін әкесі жауапты емес пе?» деген сұраққа Бақтықожаев «Дайрабаевтың балалары ересек екенін, күні ертең өз балалары да не істейтінін білмейтінін» айтты.
«Өзімнің жұмысым, бағытым бар. Бірақ баламның не бүлдіргенін мен білмеймін. Адами фактор», - деді ол.
Журналистер Бақтықожаевтан «Не себепті Дайрабаев ауыл шаруашылығын дамытам деп жүр, ал ұлдары субсидия ұрлығы бойынша ұсталады, жеке байланыс бар секілді ғой» деп сұраған. Алайда Баққожаев байланыс бар-жоғын сот шешетінін, сот шешімі балаларына қатысты екенін атап өтті.
«Балаларының сотқа апелляция беруге құқығы бар. Ол жағын да ұмытпайық. Бірақ нақты соттың Жигули Дайрабаевқа қатысты деген шешімі жоқ. Біз ол туралы білеміз», - дейді ол.
Әлеуметтік желіде «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтың отставкаға кетуі керектігі турасында көп жазыла бастады. Оған себеп – бір емес екі ұлының «субсидияға бөлінген ақшаны жымқырды» деген айыппен сотталуы болып отыр.