Анар Бексұлтанова Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында дүниеге келген. Туғаннан екі қолы жоқ азамат тағдырдың сынына мойымай, аяғымен сурет салып, қыз жасауын тігіп жүр. Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс таппай жүргенде Анар Бексұлтанованың қажырлы жасауы көпшілікке үлгі болса керек.
Бүгінде Анар Бексұлтанова Жамбыл облысында ғана емес, елімізге есімі кеңінен танымал азамат. Жуырда ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, өзінің немен айналысып жатқанын таныстырды. Мүмкіндігі шектеулі жан өзінің балалық шағынан бастап, ел қатарына қосылған сәтіне дейінгі оқиғаны баяндап берді.
«Менің мектеп қабырғасын аттағанымның өзі әсерлі оқиға болған. Әрине ата-ана өз баласына жамандық тілемейді. Менің алдымдағы үш әпкем мен бір ағамды мектепке алып барып, қызықты сәтін кешіп жатқанда мен дүниеге келдім. Осы ретте айта кетейін балалық шағымда «Мен неге мүмкіндігі шектеулі жан болып туылдым? Әттеген-ай» деп өзімді немесе ата-анамды жазғырған емеспін. Өйткені мен ата-анамды сыйлағаным соншалық олардың жүрегіне қаяу салғым келмеді. Әрине өзімнің қалай туылғанымды білетінмін. Бірақ оны сұрақ ретінде қоюға болмайтынын сезіп жүрдім. Мен ешқашан да ата-анама «Мен неге осылай болып туылдым» деп сұрақ қойған емеспін. Осылай жүрген кезде 1 қыркүйек болып, балалар оқуға кірісіп кетті. Ата-анам мектеп директорына жолығып «Осындай қызымыз бар. Не істейміз?» деп айтыпты. Мектеп директоры Қабылбекова деген апайымыз «Қатарынан кем қалмасын. Балалардың арасында жүре берсін. Әкеліңіздер» деген екен. Мен өмірімнің сәтті оқиғасы осыдан басталады деп түсінемін. Өйткені менің қоғамға бейімделіп, мені қоғамның қабылдауы мектептегі өмірімнен басталды.
Әрине мектепте балалар ащы шындықты айтып, аямады. Міне осы аямайтын ортаға алды да мені кіргізіп жіберді. Ұстаздардың мейрімімен ауылда өзіме дос тауып, жақыннан араластық. Ұл балалар бас киімімді алып, лақытырып жіберіп, кейде тіпті қағып жіберетін. Бірақ балалар басқа қыздарға да солай істеп жататын. Бірақ осының бәрі маған керек болды. Сол құлау мен жылаудан қайтадан тұрып жүгіру яғни қоғамға бейімделу сол кезден басталды.
1996 жылы он бір жылдық Үшарал орта мектебін аяқтадым. Түліктер әр түрлі маман иесі болатынын айтып, мақтанып жатты. Сол кезде «Мен кім боламын?» деген сұрақ туды. Ешкім менен «Анар сен қандай маман иесі боласың?» деп сұраған жоқ. Себебі ол кезде қиын заман болды. «Сен кім боласың?» деп сұрамақ тұрмақ нан тауып жеудің өзі мұңға айналды. Әрине, аш қалған жоқпыз, бірақ бұл қиыншылық біздің үйді де айналып өтпеді. Ата-анамыз «Балаларымызға қалай тамақ тауып береміз?» деп отырғанда мен бүйректен сирақ шығарып «Мен оқимын» дегенім қалай болар екен?», деп 1995 жылы үндемедім.
Бір жыл өткеннен кейін менен кейінгі түлектер мектеп бітіріп, мен тағы қалып қояын деп отырмын. Сол жылы көрші Бостандық деген ауылға әпкем тұрмысқа шығып еді, сол ауылға қонақ болып бардым. Аталған ауылда қыздар мен жігіттер отырдық. Сол кезде бір жігіт «Анар биыл оқуға барасың ба?» деп сұрады. Ең бірінші менің жүрегімді дір еткізген сұрақ осы болды. Мен оған «Баратын шығармын» деп жауап бердім. Ол «Егер қажет болса менің пед училищеде танысым бар?» деп айтты. Ол заманда қазіргідегідей «Біздің универсиететке келіп түс» деген секілді үгіт-насихат жүргізетін университеттер жоқ еді. Мен ол кезде универсиет пен институттың қайсысы үлкен екенін білмейді екенмін. Ол бала: «Ең бірінші СПТУ бар. Оған 9 сыныптан кейін барып түсесің. Одан кейін стат техникум, пед училище және мед училище бар. Сондай-ақ 11 кластан кейін институттар бар. Бізде Жамбылда педагогикалық, техникалық және гидрологиялық институт бар. Бірақ универсиетет жоқ. Университеттер тек қана Алматыда ғана бар. Училище түсесің бе?» деп сұрады.
Мен «Жоқ. Мен өлген күнімнен институтқа баратын шығармын. Бірақ мен университетте оқимын» дедім. Менде «Мен неге училищеде оқуым керек?» деген амбиция болды. Періште аумин деді. Ауылға келгеннен кейін үйдегілерден ешкім үндемейді. Мен оқуға түскім келеді» деп айтайын десем ата-анамның жүрегін ауыртатын секілдімін. Айтпайын десем уақыт өтіп бара жатыр. Жалпы бір нәрсе айтуым керек болса, өзімнен үлкен әпкеме жетізетінмін. Одан кейін ол әке-шешеме жеткізетін.
Мен оған «Елдің бәрі оқуға дайындалып жатыр екен. Мен биыл да оқуға бармаймын ба? Оқуға бармасам өлемін» дедім. Әрине мен өлмес едім, одан Алла сақтасын. Бірақ мен жанайқайымды осылай жеткізгім келген секілді. Сол күні кеше әке-шешем хабардар болғанда «Мен бұл үйде Сағынтайдың ауру қызы болып отырмаймын» дедім. Өйткені Бостандық ауылынан «Университетке түсемін» деген мотивация алып келдім. Менің сөзімнен кейін анам ауылдың әкіміне барады. Ол аудан әкіміне хабарласады. Бір аптаның ішінде ауданға шақырып, менің құжаттарымды тексеріп болғаннан кейін «Ал енді тез арада қалаға барыңыз» деді.
Қалаға келген 1996 жылы Жамбыл педагогикалық институты Жамбыл гуманитарлық университет болыпты. Алла тағала осыны мен үшін жасаған сияқты. Ол кезде университеттің ректоры Уәлихан Бишимбаев болатын. Ағамыз алдыма 32 мамандықты қойып «Осы мамандықтың бірін таңда» деді. Мұндай бақыт ешкімнің басында болмаған шығар. Қысқасы емтиханнан өтсем де, өтпесем де өтіп тұрмын. Уәлихан аға «Осылардың ішінде саған тарих пен аударма ісі сәйкес келетін шығар» деп отырмын» деді. Мен бала кезде гүл өсіруге үйір болдым. Жылыжайда гүл өсіріп, қарау менің арманым болатын. Мен «Биология мамандығы бар ма?» деп ем, «Бар. Бірақ саған қиын болмай ма?» деп сұрады. «Жоқ, қиын болмайды. Мен биолог болғым келеді» дедім. «Жарайды» деген соң биолог мамандығына оқуға түстім. Ел қатарлы емтихан тапсырып, грантқа түстім.
Оқимын деген арманнан оқуға түскеннен кейінгі жағдай мүлде бөлек екен. «Қалаға келгеннен кейін орта мені қалай қабылдайды?» деген қорқыныш, үрей болды. Үшаралдағы қызға Жамбыл қаласы үлкен қала болып көрінді. Жатаханаға орналастырып, мамам екеумізге бөлек бөлме берді. Әр ауданнан келген қыздармен жақсы араласып кеттік. Мен бастапқыда ұяңдау болатынмын. Өйткені бала күндегі көптеген армандарым іске аспай кетті. Мәселен спорт ойындары болып жатқанда бір бұрышта бақылап отыратынмын. Өз ойымша керемет биші едім. Түр десе, түр, келбет десе келбет бар. Бірақ бір әттеген-ай бар. Өкінішке қарай сырттай бақылаушы болып отыратынмын. Жасымды ешкімге көрсетпей жылаған кездер болды. Дискотекаларда билей алмай, не ән айта алмай жүргенім жаныма батты. Сол кезде біреу келіп дем берудің өзі дәтқа қуат болады екен. Мен бұған ата-анамды кінәламаймын. Өйткені олардың менен басқа 6 баласы болды. Қазір мүмкіндігі шектеулі баланың жанында ата-анасы жүреді. Үкімет жәрдемақысын төлеп, әр түрлі орталықтар ашып, балалардың жағдайын жасап жатыр. Балалар үшін керемет шығармашылық орталықтар ашып қойған. Өкінішке қарай менің кезімде мұндайдың бірі де болған жоқ. Өйткені бір ауылда бір мүмкіндігі шектеулі бала болдым.
Мектептің 9 сыныбына келген кезде менің қаруым тіл екенін жақсы білдім. Аудиторияны тілмен қаратып, сөз сөйлеуге ыңғайлы екенімді байқадым. Тілімді дұрыстап сөйлеу білуім керек деп өз-өзімді тәрибеиеледім. 1996 жылы ЖГУ деп аталған оқу орны 1998 жылы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті болып өзгерді. Лекция жазылған дәптерлерді жатаханаға әкеліп, аяғыммен көшіріп жазатынмын. Мемлекеттік және педагогикалық практиканы мен Тараз қаласындағы ең мықты оқу орны №5 Жамыл мектебінде 5/5 деген бағамен өттім. Сол кезде «Мен мықты мұғалім боламын» деп жүргенмін. Алайда 2000 жылы таныстарым «Ана жерге жұмысқа тұрамын, мына жерге жұмысқа тұрамын. Екі жүз доллар беріп қойдым» деген кезде «Мен қайда барамын» деген сұрақ туды. Сол кезде үлкен азаматтардың алдына барып көмек беруін сұрадым. Ол «Мына қызды жұмысқа ал» деп бір қоңырау шалса болатын еді. Бастапқы кезде аталған азаматтың атын атап, түсіп түстен тұрып айтатынмын. Бірақ кейін оларды айыптамайтын болдым. Себебі әр бір істің қайыр бар екен. Әйтсе де кезінде мен балалықпен әрі ашумен оның атын айтып қойдым. «Сенің дипломың болғанымен І топ мүгедегісің. Сенің жұмыс істеуге құқығың жоқ. Оның үстіне пенсия аласың» деп шығарып салды. Далаға жылап шығып «Осыдан менің кім болып, қандай жерде жұмыс істейтінімді көресің» деп айтым. Расымен де ол кісі көрді, естіді. Қазіргі таңда кезінде бетімді қайтарған кісілерге рахметімді айтамын. Себебі олар мені жек көргеннен емес, сол кездегі мемлекеттің заңына байланысты жұмысқа ала алмады. Бірақ алты айдан кейін экскурсовод болып жұмысқа орналастым».
P.S. Бүгінде өмірдің сан соқпағынан өткен Анар Бексұлтанова кәсіпкерлікпен айналысады. Нақтырақ айтсақ қыз жасауын жасап, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Міне осындай азаматтар бізге үлгі болса керек.