Қала аумағында су басудың алдын алу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте көктемгі су тасқыны кезеңінде жүйелі іс-шаралардың барысы, су басуды болдырмау жөнінде жұмыстарды баяндады.
Қазіргі уақытта қала аумағында су тасқыны кезеңінде жағдай тұрақты. Қала аумағында 10 гидротехникалық құрылыстың тоғызы жарамды, бір гидротехникалық құрылыс (Ақжар су қоймасы) жөндеуді қажет етеді. Авариялық және иесіз гидротехникалық құрылыс жоқ. ТЖ департаменті гидротехникалық құрылыстар мен су тасқыны қаупі бар учаскелерінде аэровизуалды тексеру ұйымдастырды.
–Жалпы су қоймаларының толуы бүгінде 60-70 %-ды құрайды. Қазіргі уақытта тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қорлар жеткілікті. Бадам, Сайрам-су, Қошқар - ата, Қара-су өзендердегі судың деңгейі ортадан төмен. Су тасқыны кезеңінде халықты дер кезінде хабардар ету, дауылды ескертулерді үнемі жариялап отырмыз. Казгидрометтің мәліметі бойынша наурыз айында жаңбыр нормадан көп күтіледі деген болжам бар. Бұл дегеніміз осы мезгілде су басу жағдайлары күрделенуі мүмкін. Жалпы департамент қызметкерлері жағдайды назарда ұстап отыр, - деді Жәнібек Тұрлыбекұлы.
Қала аумағындағы су басу қауіпті аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары және аудандық әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал учаскілерге мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде қалада ұзындығы 56 шақырым 12 канал қоқыстан тазаланған.