27 наурызда Маңғыстау облысы Жетібай ауылының жұмыссыз тұрғындары жолды жауып тастады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Жетібай ауылының 50-ге жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуды талап етіп, ауыл әкімдігінің алдына жиналды.
Сондай-ақ азаматтар тез арада жұмысқа орналастыруды талап етіп, Жетібай №6 мұнай кәсіпшілігіне апаратын жолды жауып тастаған.
"Қазіргі таңда Қарақия ауданының әкімі Қ.Беков пен Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Шопанов заңсыз наразылық акциясына қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудан әкімі Қыдырберді Беков түсіндіру жұмыстарын жалғастыру үшін жиналғандарды Жетібай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында шақырып, жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу бағытында жұмыс атқарып жатқанын жеткізді", - делінген хабарламада.
Аудан әкімі Қыдырберді Бековтың мәлімдеуінше, жиналған тұрғындардың талаптары негізсіз. Себебі, ауданның барлық тұрғынын бір мезгілде мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған барлық мүмкіндікті пайдалану қажет.
"Адырна" ұлттық порталы