ҚР Президентінің Іс Басқармасының ұжымы ұлыстың ұлы күнінде қарттарға құрмет көрсетті

2371
Adyrna.kz Telegram

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, ҚР Президентінің Іс Басқармасы мен ведомстволық бағынысты ұйымдары елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық шарасын өткізді.

Игі іс-шара аясында Іс Басқармасының қызметкерлері Қарттар үйінде тұрып жатқан үш жүзден астам адаммен кездесіп, Наурыз мерекесімен құттықтады, олардың тұрмыс жағдайымен танысты. Көңілін көтеріп, әңгіме дүкен-құрды.

– Қадірлі қариялар, аға-апалар! Сіздерді Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің дамуына сіздердің сіңірген еңбектеріңіз зор деп білеміз, оны жоғары бағалаймыз. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілейміз. Әрдайым көңілдеріңіз көтеріңкі болсын! – деді ҚР ПІБ Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Шолпан Жұмағұлова.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова да аға буын өкілдеріне ұжымның мерекелік ізгі тілегін жеткізді.

– Көктемнің осынау әсем де шуақты мерекесі – Наурыз мейрамымен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, амандық пен бар жақсылықты тілеймін! – деді Людмила Бюрабекова.

«Шарапат» орталығында зейнет жасындағы жалғыз басты қариялардан бөлек, арнайы күтімді қажет ететін І, ІІ топтағы мүгедек азаматтар тұрады. Олар Мемлекеттік күзет қызметі оркестрі қойған мерекелік концертті тамашалап, қуана қол соқты.

Оркестр құрамындағы Айзат Қарабекова, Асылхан Шалқаров, Еркебұлан Сəрсенбеков, Гүлсім Мырзабекова, Бауыржан Нұрмұханов сынды халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері өз өнерлерін ортаға салды. Қариялардың жастық шағынан сыр шертетін сырлы әндер орындалып, күмбірлеген күй тартылды.

Одан кейін Наурыз дастарханы жайылды. Ұлыстың ұлы күнінде қарияларға мол дастархан әзірлеп, сый-құрмет көрсетуге Іс Басқармасына қарасты ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Медициналық орталық ауруханасы және Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясы атсалысқанын айта кеткен жөн.

Осы игілікті шараға арнап ҚР Президенті Іс Басқармасы қызметкерлері өздерінің жеке қорынан кітап жинап әкелген болатын. Кітаптар «Шарапат» орталығының кітапханасына тапсырылды. Орталықта тұратын адамдардың қажетіне орай, басқа да сый-сияпаттар жасалды.

Пікірлер