Гүлмира Сатыбалды тергеу кезінде Қазақстан шекарасын кесіп өтпек болған

2424
Adyrna.kz Telegram

Астана қаласында Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Informburo.kz хабарлауынша, Гүлмира Сатыбалдыға өзінше билік ету мен адам ұрлады деген айып тағылған. Сонымен қатар, істе оның жүргізушісі Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков те айыпталушы ретінде танылған.

Алдын ала тыңдау барысында Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары сотталушыға қатысты барлық қылмыстық істі біріктіруді және бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұрады.

"Гүлмира Сатыбалдының қамауға алынғанына бір жылдан асты. Оның үш баласы, бес немересі бар. Ол әйел, оған қамауда отыру қиын. Гүлмира Сатыбалдының мінезі оң сипатталады, тұрақты тұрғылықты жері бар. Ол алдын ала шақырту бойынша барлық сот отырысына қатысуға дайын, сондықтан бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе кепілге ауыстыруды сұраймыз", – деді адвокат Әсел Рабатова.

Алайда прокурор Альмира Қожахметова бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсылық танытты. Оның айтуынша, Гүлмира Сатыбалды сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде елден кетіп қалмақ болған.

"Бұлтартпау шарасы негіздер болған жағдайда өзгертілуі мүмкін. Қазіргі уақытта мұндай негіздер анықталған жоқ, өйткені сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сотталушы Гүлмира Сатыбылдының шекараны кесіп өтпек болған фактілері болған. Сондықтан бұлтартпау шарасын өзгертуге болмайды деп есептеймін", – деді прокурор.

Алдын ала тыңдау отырысының шешімі бүгін, 9 наурызда белгілі болады.

Еске салайық, 2022 жылдың наурыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Сол жылы 16 наурызда Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер