Фармацевтика мен құрылыс саласы өкілдері «Ақ жол” лидері Азат Перуашевқа көкейкесті мәселелерін жеткізді

1685
Adyrna.kz Telegram

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясының республикалық штабы Алматы облысы Іле ауданындағы «Dolce -Pharm» ЖШС фармацевтикалық компаниясының және Алматыдағы «Имсталькон» зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Dolce-Pharm» өндірістік бірлестігі бір реттік медициналық бұйымдар мен киімдерді, кәсіби шығын материалдарын шығаратын ірі отандық өндіруші, «Алтын сапа» президенттік сыйлығының иегері.


Демпартия лидері партияның саяси бағдарламасының басым бағыттарын атап, «ақжолдық» депутаттардың парламент пен мәслихаттардағы атқарған жұмыстарына тоқталды, сондай-ақ, еңбек ұжымының сауалдарына жауап беріп, өтініштерін тыңдады.

Кәсіпорын басшылығы мемлекеттік «СК-Фармация» ЖШС-мен жылдық келісім-шарттың үзілуіне байланысты кейбір құрал-жабдықтардың қолданусыз қалғаны туралы айтты. Ары қарай да мұндай жағдай қайталанса кәсіпорын «Ақ жол» партиясы депутаттарының көмегіне жүгінетіндігі келісілді. Бұған дейін компанияның осы тектес өтініштері үнемі парламенттегі «Ақ жол» фракциясының қолдауына ие болып, туындаған мәселелер шешімін тауып отырды.

Қызметкерлер тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер теліміне әкімдік кезегінің кері өсуіне, жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген аудандарда қолжетімді мектептер мен балабақшалардың жоқтығына, баға тұрақсыздығы мен несие пайызының жоғары болуына наразылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, сайлаушылар жемқорлардың шетелге шығарған қаржысын халыққа қайтару жұмыстарын күшейтуді талап етті. 

А.Перуашев көтерілген мәселелерді шешудегі партия ұстанымын баяндап, әкімдіктердің әлеуметтік тұрғын үйді заңсыз беруіне қатысты фракцияның депсауалдары, жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің жазасын өтегеннен кейін де елден шығуына тыйым салу туралы талаптары туралы айтты. Аталған шаралар жиналған қауымның қолдауына ие болды.

Сол күні «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматыдағы «Имсталькон» зауытының жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпорын құрылыс саласы үшін металл конструкцияларын шығарады.


Бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырғаннан соң, Азат Перуашев зауыттың еңбек ұжымымен тілдесіп, жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді.

 Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысын көтеру жолдары, мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауар өндірушілерді қорғау, БЖЗҚ-ның шығынға батқаны мен зейнетақы жинақтарының сақталу мәселелері талқыланды.

Пікіралмасу емін-еркін әрі қызықты өтті, жұмыскерлердің көбі сайлауда «Ақ жол» партиясы мен оның кандидаттарына дауыс беруге ниетті екендіктерін айтып, алған беттен айнымай, көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін табандылық таныта беруді сұрады.

Материалдың ақысы «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлау қорынан төленді.

Пікірлер