Өмірден ерте озған жазушы Аягүл Мантайдың Астанадағы кеші

8151
Adyrna.kz Telegram

18 ақпан күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада танымал жазушы, журналист, «Серпер» сыйлығының, Президент стипендиясының иегері, жазушы, публицист Аягүл Мантайдың (1982-2021) құрметіне еске алу кеші өтті. Сонымен қатар, «Аягүл» атты кітаптың тұсаукесері болды. Мұқағали залында өткен бұл іс-шарада Аягүлдың қаламдас, алдыңғы буын аға-әпкелері, кейінгі буын іні-сіңлілері, құрбы-достары естелік әңгімелерін айтты.

Қазақ телевизиясының ардагері, танымал редактор Қайнар Олжай өз сөзінде Аяның жаңа кітабының тұсаукесері емес, оған арналған естелік кітабын көру өкінішті екендігін айтты.

«Қазақ әдебиетінде өзіне-өзі қол салған Бердібек Соқпақбаев атасы мен Аягүлдің тағдыры ғана емес, таланты ұқсас. Өмірдің ащы шындығын боямасыз, бірақ көркем жазды. Сондықтан екеуін екі билік бастан сипамаған. Аяның мұрасы – бес-алты сұхбаты мен жиырма шақты әңгімесі. Сан емес, сапамен өлшенетін құнды мұра. Кейіпкерлерін ауылдан, айналасынан тапқан. Бәрі көзтаныс емес, өзгеше өрнекті жандар... Бір әңгімесінде Лондонда оқып келген жігітті осында тұратын қызбен тілдестіреді. Қыз мына елде тұру мүмкін еместігін айтады. Жігіт түзеуге болар деп үміт етеді. Аягүл жетпей кеткен үміт. Тек оның шығармалары қоғамды лайдан тұндыруға, сананы шөп-шаламнан тазартуға сеп болмақ», деді Қайнар Қалиақпарұлы.

 

Аягүлге кезінде үлкендік қамқорлық жасап, Мәскеуде оқып жүрген кезінде «Қазақ радиосында» қашықтан жұмыс істеп, гонорар алуға мүмкіндік туғызған танымал журналист Махат Садық Аягүл арқылы қазақ қоғамының дертіне үңілгендей болды.

 

«Біздің қоғам әлі де шындықты естігісі келмейді. Біз әлі ұлт болып қалыптаспаған қоғамбыз. Себебі біздің қоғамда шындықты ешкім айтқысы келмейді. Бәрі лирикалық, сәбилік, балалық аурумен жүрген қоғам. Біз содан арылмасақ, толыққанды ұлт болып қалыптаса алмаймыз. Жалпы, Аягүлдің трагедиясын айтқанда, біз көп нәрсені ойға алуымыз керек. Неге Бауыржан Момышұлы – Бауыржан Момышұлы болды? Ол Мәскеуде академияда оқып жүргенде, академик Қаныш Сәтбаев қаржылай көмегін үздіксіз беріп тұрып: «Сен нағыз қазақсың, батырсың! Рухыңды көтеріп жүр!» дейді екен. Неге Шерхан Мұртаза деген мықты шықты? Өйткені сол кездегі Оқу министрі Әди Шәріпов Мәскеуге барған сайын Шерағаңа қаражат тастап кеткен. «Сен оқып жүрсің. Сен бұл жақта мықты азамат боласың. Еңсеңді биік ұста!» деп. Біз солай бір-бірімізге қамқорлық көрсетпесек, мықты ұлт ретінде қалыптаспаймыз. Біз аз ғана ұлтпыз. Аз ғана ұлттың, аз ғана таланттары болады», деді Махат мырза.

Аягүл Мантай 2003-2005 жылдарда «Жас Қазақ үні», «Ақ жол Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. «Ақ желкен» журналында, «Түркістан», «Айқын», «Ақ босаға» газеттерінде әңгімелері, сұхбаттары, мақалалары тұрақты түрде жарияланып тұрды. 2005-2009 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істесе, 2012 жылы «Жас Қазақ» газетінің мәдениет бөлімінде тілші болды. 2013-2018 жылдары Мәскеу қаласында тұрды, сол жақтың Ресей халықтар достығы университетінде (РУДН) оқыды. 2009 жылы Аягүлдің алғашқы кітабы «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағын жазушы, баспагер Бексұлтан Нұржекеев «Жалын» баспасынан «Жас толқын» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарған. Кітап 2000 тиражбен шықты, бірақ Аягүлге аздаған кітаптан басқа қаламақы берілмегені рас. Арада 10 жыл өткен соң, ақын Айжан Тәбаракқызы 2019 жылы Аягүлдің «Жүрекке оралу» кітабын «Қаламгер» баспасынан шығарды. 1000 тиражбен шыққан ол кітабын да оқырман жақсы қабылдады. Сол жинақтың шығуына орай Аягүлдің шығармашылық кештері Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз қалаларында өте жақсы әсермен, мол жиналған оқырманмен өтті. Аягүлдің көңілденген, шаттанған сәттері сол кештермен байланысты. (Бір айта кетерлігі, Алматыдағы алғашқы кешін де, кешегі шараны да өткізуге жанашырлық танытқан – кітапханашы, қоғам қайраткері Ғазиза Құдайбергенқызы). Аягүл өмірден озған соң, «Уақыттың көз жасы» атты кітабын Жазушылар Одағының мүшесі Қасымхан Бегманов 2022 жылы 500 тиражбен шығарған.

2023 жылы Аягүл туралы жарыққа шыққан, сиясы әлі кеппеген «Аягүл» кітабынан жақын достарының естелігін оқып, Аяшпен жақырынақ таныса түсуге болады. Оны шығарған – баспагер, журналист, Аягүлдің ең жақын сырлас құрбысы Бану Оңдасынова. Кітап екі бөлімнен тұрады. Беттеген – Ардақ Әбдіқайымова, мұқаба дизайнын жасаған – Алмас Сырғабай. Кітаптың ішіндегі суреттерін әуесқой суретші, Аяштың оқырманы Гүлнәр Бағашарқызы салған. Ал кітапты шығаруға демеуші тартып, қолдаған – ақын, қоғам қайраткері Мақпал Мыса.

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен әдеби еске алу кешінде «Мұң» триптихінен үзінді қойылды. Актрисалар Ләззат Қуанышева мен Саида Мақсұмова кәсіби шеберліктерімен Аягүлдің қайғы мен қуаныш, өмір мен қателік хақында жиналған көпшілікке терең ой сала білді. Бұл қойылымды алғаш рет 2022 жылдың желтоқсан айында Астана қаласындағы Жастар театры сахналаған. Аягүл Мантайдың «Жалғыздық биі» әңгімесі, Әлішер Айтуардың «Иллюзия» әңгімесі, Лидия Егембердиеваның «Жалғыздық» әңгімесі ─ үш шығарманы біріктірген «МҰҢ» триптихін елорда жұртшылығы тамашалай алады.

Қойылымның режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жас буынның шығармаларына ден қойып, жаңашылдыққа ұмтылатын талантты режиссер Нұрқанат Жақыпбай Аягүлдің шығармашылығы туралы былай дейді: «Аягүлдің потенциалын, жазудағы даралығын байқадым. Үлкен, терең дүниелер жазуға жақындап қалып еді. Аягүлдің ерекшелігі қоғамымызды, әсіресе жаңа буын саналатын жастардың бітімін, ойын ішіне кіріп шыққандай сезінген суреткер екендігінде. Олардың мұңын жеткізе алған шығармаларында, сонысымен құнды. Шығармаларының формасы да қазіргі жастар оқитындай шағын, жеңіл. Аягүлдің әңгімелері жанды, суреттеуі түсінуге жеңіл. Қазіргі біздің өмірдің шындығын, қазіргі адамдардың менталдық ерекшелігін, құндылық векторы қайда ауғанын анық көре алған ол, тереңінен сезіне алған, соны шеберлікпен жеткізе алған».

Сыршыл қаламгер Аягүл Мантай енді өмірде жоқ. Бірақ оның екінші ғұмыры басталды. Шығармашылық өмірі. Баянды болсын!

Дайындаған: журналист Алма САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікірлер