Қазақстан Ресейдегі сауда өкілдігінің жұмысын тоқтатты

2984
Adyrna.kz Telegram
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру процесінің шеңберінде Ресей Федерациясымен өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл қазіргі уақытта қазақстандық бизнес үшін Ресей бағытында жұмыс істеу және барлық операциялық мәселелерді шешу үшін институционалдық жағдайлар жасалғандығына байланысты. Бұл ретте босатылған бірліктер Қазақстанның басқа елдерде дипломатиялық қатысуын күшейтуге бағытталатын болады.

«Бұл шешім 1992 жылғы 22 қазандағы сауда өкілдіктерін өзара құру туралы үкіметаралық келісімнің күшін жоюды талап етпейді және Ресей Федерациясының ҚР-дағы сауда өкілдігінің жұмысына және жалпы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына әсер етпейді», -делінген хабарламада.

Ресей Федерациясы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Бұл бірқатар объективті факторларға байланысты: географиялық орналасуы, ЕАЭО-ның жалпы экономикалық кеңістігі, дамыған шарттық-құқықтық базасы, екіжақты ынтымақтастықты ілгерілету үшін тиімді алаңдардың болуы (үкіметаралық комиссия, өңіраралық ынтымақтастық форумы, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша кіші комиссиялар). Бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 8 мыңға жуық компания және 3348 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәскеудегі ХШЖК аумағында халықаралық маңызы бар «Қазақстан» сауда-көрме орталығы («QazExpoCongress» ҰК» АҚ жалғыз қатысушысы) жұмыс істейді. Оның міндеттеріне мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету кіреді.

Ресей Федерациясында экономикалық дипломатияны ілгерілету функциясын ескере отырып, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінен басқа Санкт-Петербург, Омбы, Қазан және Астрахань қалаларындағы бас консулдықтар тиімді жұмыс істейді. Сонымен қатар Екатеринбург қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу мәселесі талқылануда.
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша жұмыс Ресейдің барлық ірі қаласы мен аймақтарында құрылған «QazTrade» ССДО АҚ серіктестік желісі арқылы жалғастырылатын болады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-қарашада 23,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8% - ға жоғары (22,1 млрд. АҚШ). 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 24,6 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 31,2% - ға жоғары (18,8 млрд. АҚШ).

Пікірлер