Белгілі журналист, қаламгер Серік Әбікенұлы қазақ әскерінде болып жатқан оқиғаларға қатысты пікір білдірді. Өзінің әскери борышын өтеген шақтарын еске алып, қазіргі Отан қорғаушылардың бір-біріне көрсеткен зұлымдығын ашып жазды. Оның айтуынша, қазіргі әскердегі азаматтар бір-біріне етене жақын бауыр болғанның орнына, әлжуазына теперіш көрсетуге даяр. Олар зәбір көрсетер адамының басын жастықпен қымтап, орындықтың жалпағымен ұратын болған. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.
Әскердегі болып жатқан сорақы жағдайларға қатысты қаламгер пікір білдірді. Алдымен автор сапта қатар тұрып, Отан алдындағы міндетін адал атқарған замандастарын еске алады:
- Әскер деген… Біз 90-жылдарда қызмет еттік. Елге келсек жұмыс жоқ, айлық жоқ, азық-түлік жоқ… жоқ…жоқ… Содан жанбағыс қамымен “балапан басына, тұрымтай тұсына” болып, қолдан келген шаруамен айналысып кеттік. Бірі сауда жасады, бірі мал бақты. Сөйтіп қызметтестер шашырап кетіп, бір-бірімізден көз жазып едік. Сол жігіттердің бірі 30(!) жылдан кейін хабарласып: Жолдас, сержант Сарыбаев! Ұмытқан жоқсың ба, мен қатардағы жауынгер пәленшеевпін?! деп қарқылдап күледі. Бес-алты азамат табысқан екен, содан мені іздеген. Дос-жаран іздеу жалғасып 20-25 жігітті анықтап, бас қостық. Өмірі келте болған азаматтарды еске алдық. Уатсапта топ ашып, әскердегі қызықтарды айтып, у-шумыз. Жас күндегі сыйластық, құрметтің тағдыр жолының бір қалтарысында қалып қоймағанына дән разымыз.
Жазбасының шарықтау шегіне келген кезде Серік Әбікенұлы қазіргі әскер қалпынан шошынып, ондағы "қорлық пен зорлықтың" түр-түрін жіктейді.
- Ал бүгінгі оқиғаларды естігенде төбе шашың тік тұрады. Бір орындыққа жастық қойып, әлжуаздың басын соған салдырып, үстіне екінші жастық қойып, орындықтың жалпағымен дүңкілдетіп ұратын, із қалдырмайтын айуандық қайдан шығып жатыр? Олай таяқ жеген жігіттің тамырлары жарылып миына қан ұйып қалады, не жынды болады. Ал бүгін жұрт жарыса жазып жатқан жай тіпті сұмдық, қазақ армиясының әбден азғанын көрсетеді, - деді журналист.
Қаламгердің жазбасына қатысты пікір білдіргендердің қарасы қалың.
"Болып жатқан жағдайлар әскердегі ғана емес, жалпы жастардың тәрбиесін көрсетіп отыр";
"Армияны интеллектіден жұрдай, өпірем контарктник-сержанттар құртты-ау...";
"Ұрып-соққанды елестетудің өзі қандай қорқынышты. Мұндай сұмдықтарды естіген сайын түн ұйқым төрт бөлінеді ғой. Әр ананың жүрегі ай-күннің аманында осылай парша-парша боп жүрсе, елдігімізден, тыныштығымыздан не қайыр?! Мен баламды әскерге қайтсем жібермеудің амалын ойлап таң атырып, кеш батырып жүрген жанның бірімін!";
"Біздің қоғамдағы тәрбиенің, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сәл оқшау ортада бой көрсетуі" деп жазды оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы