Былтыр Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде ұлттық құндылықты ұлықтаған кеңауқымды домбыра дәрісі өткен еді. 2022 жылдың мамыр айында оқу жылын аяқтаған аталмыш ең ауқымды домбыра сабағы әлем назарын аударып, Гиннесс рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Назарбаев зияткерлік мектебі өкілдерінің айтуынша, онлайн рекордты тіркеу туралы дерек Гиннесс рекордтар кітабының ресми сайтында жарияланған.
Гиннесс рекордтар кітабының талаптарына сай ауқымды домбыра дәрісін 25-тен астам стюард пен 2 куәгер қадағалаған. Тәуелсіз стюардтар 50 қатысушыдан жиналған белгілі бір топты бақылады. Куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде қызмет атқарып, рекордтың орнауы мен кітаптың барлық критерийінің толық сақталуын қарастырды.
Guinness World Records ережелеріне сәйкес ауқымды сабақ басталар алдында барлық қатысушы екі тіркеу сатысынан өткен: біріншісі – жеке бейдждерін сканерлеген және "Кандидат-маркер" бағдарламасы арқылы жиын залын бақылаған, екіншісі – кезекші қатысушылардың механикалық есебін жүргізді.
- NIS-тегі домбыра сабағы – бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындаған әлемдегі тұңғыш оқиға. Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Зияткерлердің орындауында "Сарыарқа", "Балбырауын", "Еркем-ай", "Кеңес", "Жастар биі" сынды атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды, - делінген ақпаратта.
“Адырна” ұлттық порталы
Қазақстан
#ғылым
Назарбаев зияткерлік мектебі
өнер
гиннес
Гиннес рекордтар кітабы
дәріс
халықаралық жоба
Алтын Домбыра
ұлттық құндылықтар
ең ауқымды
біоім