Белгілі айтыскер ақын Ринат Заитов полиция қызметкерлеріне қатысты өткір жазба жариялап, президенттен "ойына келгенін" істейтін полицейлерді жұмыстан шығарып, жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады.
"Қаңтар оқиғасынан кейін біздің елдегі полиция жұмысы титтей болса да жақсы жаққа өзгеруге тиіс еді. Әттең. Қанды қаңтарда бір мезетте жоқ болып, тығылып қалған сақшысымақтар қайта тайраңдамақшы екен. Сөзімнің дәлелі мына кісі баласы. Есімі Алмат Ырғалиев екен. Қазақтың қаршадай қызын жазықсыз, заңсыз көшеден ұстап алып, қылқындырып бөлімге сүйреген "ПАЛУАН". Назым қарындасымызды кабинетіне кіргізіп алып,( жанында тағы біреу бар) тергеген кезінде мен жайлы да сұрақтар қойыпты. Білгісі келгенін ертең бетіме айтсын. Ертең бұйырса сағат 13:00 Наурызбай аудандық полиция бөлімшесіне Назымды және бір топ тәуелсіз журналисттерді ертіп барамын. Сұраймын. Ол кісі баласына Қазақ қыздарының сұрауы жоқ деп айтқан кім? Қандай заңға сүйеніп қорғансыз қызға күш көрсетті? Зайытовтан экстремист жаса деп кім бұйырды? Осынша қорлыққа үндемей отыратын МАЛ ЕМЕСПІЗ!!! Қ.К. Тоқаев мырзаның уәде еткен өзгерістері шынымен басталса, пагонын пайдаланып, ойына келгенін істейтін полицайларды жұмыстан шығарып, жауапқа тартуын талап етемін. P.S. Біз - қойдай момын халық болғанмен қыздарының ары мен ұлдарының намысын кірпік қақпай күзеткен ҚАЗАҚПЫЗ. Жетер. 30 жыл көніп болғанбыз", - деп жазды Ринат Заитов өзінің фейсбук парақшасында.
"Адырна" ұлттық порталы