Қытайдың ірі университетін көп жылдар бойы басқарған қазақ ақсақалы дүниеден озды

6467
Adyrna.kz Telegram
Қытайда өмір сүрген этникалық қазақ, әйгілі жазушы, профессор, аудармашы, Шыңжаң оқу-ағарту иниститутының бұрынғы ректоры, тіл маманы, әдебиеттанушы-ғалым Әуелқан Қалиұлы 83 жасқа қараған шағында Қытайдың Үрімжі қаласында қайтыс болды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады. 
Ғалымның өнегелі өмірі көпке үлгі болып, ғылыми айдында ұшан-теңіз мол мұрасы қалды.
Әуелхан Қалиұлы 1939 жылы ҚХР аумағындағы Шыңжаң, Алтай аймағының Бурылтоғай ауданы Жетіарал ауылында дүниеге келген. Шыңжаң педагогикалық институтын бітірген. Сол институтта (1959-1978), Шыңжаң университетінде (1978-1995) сабақ берді. 1995 жылдан Шыңжаң оқу-ағарту институтының ректоры болған.
Оның Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелерін зерттеуге арналған «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы» секілді шығармалары жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытылған. «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу» атты монографиялары және «Әдебиетіміз туралы кейбір ойлар» деп аталған ғылыми мақалалар жинағы, «Биіктеген там» әңгімелер мен эсселер жинағы, «Ауырлықты жер көтереді» пьесалар жинағы жарық көрді. «Қазақтың байырғы тұрмыс-салт жырлары» деген кітабы ағылшын тілінде жарияланған.
Әуелқан Қалиұлының өмірбаяны «Қытай оқу-ағарту мамандары», «Қытай мамандарының ірі сөздігі», «Қытай жазушыларының қысқаша өмірбаяны», «Қытайдағы қазақ мамандары», «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», «XX ғасырдағы Қытай қаламгері» қатарлы көптеген ірі кітаптарға еніп, оның еңбектері кеңінен таныстырылған.
Қазақ атын абыроймен ұстап, мағыналы ғұмыр кешкен марқұмның иманы саламат болсын!
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер