Қарағанды – талай талант пен дарындардың кіндігін кесіп, томағасын сыпырған, қазақ үшін құт дарып, бақ қонған қастерлі мекен. Соңғы аптада осы бір өлкеге елдің назары ерекше ауды. Мәселенің мәнісі де баршаға мәлім.
Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді. Аталған іс бойынша нақты шаралар қолға алынып, тергеу амалдарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын да айтты. Қазірдің өзінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 8 адамның ұсталғаны, тағы біреуіне іздеу жарияланғаны белгілі болып отыр. Бұл кешенді жұмыстар нақты нәтижесін беріп, жауапты адамдар заңға сәйкес жазаларын алады.
Осы ретте, орын алған жайтқа қатысты аз-кем өз ойымызды білдіріп, үн қосқанды жөн көріп отырмын. Бұған дейін тергеу амалдары басталып кеткендіктен, іске кедергі келтірмеудің қамын жасап, сабыр сақтаған едік.
Алдымен, бұл оқиға біздің де жанымызға аяздай батып, өрімдей жігіттің қазасы қабырғамызды қайыстырып кеткенін айтқым келеді. Соған байланысты қайтыс болған азаматтың отбасына қайғыларына ортақтасып, облыстық филиалымыз арқылы көңілімізді білдірдік.
Жалпы осы бір жайт қоғамымызда татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екенін көрсетіп берді. Біз мұндай жағдайда, ең біріншіден, барлық іс-әрекетімізді елдің бірлігін сақтауға бағыттауымыз керек. Өйткені қазіргідей әлемдік геосаяси жағдайдың ушығып тұрған шағында осындай кикілжіңдерді өз мүддесіне пайдаланып кеткісі келетін күштердің бар екені белгілі. Олардың көздейтіні біздің бүгінгі біртұтастығымызға жік түсіріп, іргемізді ыдырату. Сондықтан осындай айтақтарға ермей, ең әуелі ішкі тұрақтылығымызды сақтауға, оны одан әрі нығайтуға аса мән беруіміз керек деп есептеймін.
Осы тұста осалдық танытқандардың ғұмыр бойы тірнектеп жиған-тергенін бір-ақ күнде жоғалтып, бірлігі мен берекесінен айырылып қалғанын да көзіміз көріп жүр. Ал сол бірлік пен берекенің ар жағында елдік, мемлекеттілік, тәуелсіздік дейтін қастерлі ұғымдар тұр. Сондықтан қасықтап жиғанымызды шелектеп төгіп алмау үшін бірлігімізді бекемдеп, тұрақтылығымызды сақтауды бірінші кезекке шығаруымыз керек. Бұл – Қазақстанда тұратын барлық халыққа жүктелер жауапкершілік.
Әрине, осы жағдайға байланысты кейбіреулер әлеуметтік мәселелерді де көтеріп, істің байыбын басқа бағытқа қарай бұруды көздейтіндерін білдіріп қалып жатыр. Десек те, елімізде әлеуметтік саланы жақсарту үшін қыруар шаруаның атқарылғанын, өзекті деген мәселелердің өзі оң шешімін тауып, көп түйіннің күрмеуі шешіле бастағанын айтуымыз керек. Сол бастаған істі жалғастыру үшін де біз бірлігімізден айырылмай, оны қайта күшейте түсуге тиіспіз.
Сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік ахуалға тек қазақ ұлты емес, елдегі барлық этнос өкілдері де жауапты екенін және соны сезінуі керектігін ерекше атап өткім келеді. Сол себепті барлық халық ортақ мақсатқа ұйысуы қажет. Бірлік пен тұрақтылықты дәріптеп, кез келген мәселені ақылға салып шешуге машықтануымыз керек. Бұл – біз ұмтылған дамыған, бәсекеге қабілетті қоғамның бейнесі.
Біздің кез келген уақытта күн тәртібінен түспейтін тағы бір ең басты мәселеміз – тәуелсіздігімізді нығайту. Оның кілті бірлік пен ынтымақта екенін ата-бабамыз әу бастан айтып кеткен. Соның арқасында, яғни Қазақстанды мекендеген барлық халықтың басын бір арнаған тоғыстыру арқылы біз бүгінгі жетістіктерге қол жеткіздік.
Біз көпэтносты ел болуды өзіміз таңдап алғанымыз жоқ. Бұл – тарихтың тартуы. Сондықтан осы басымдығымызды өз пайдамызға жарата білудің маңызы зор. Осы ретте барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер қалыптастыру арқылы еліміздегі әр ұлт өкіліне жауапкершілік жүктелетінін ескеруіміз керек. Сондай-ақ қазақ халқының да жауапкершілігі арта түсетіні анық.
Тағы бір маңызды жайт, Қазақстан көпэтносты мемлекет болғанымен, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екенін ашық айтуымыз керек. Оған ешкімнің күмәні де болмауы тиіс. Тіпті қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуының өзінде де үлкен мән жатыр. Бірақ ешкімді алаламай, барлық азаматқа ортақ мүмкіндік қалыптастыру өркениеттің белгісі және тұрақты дамудың кепілі екенін ұмытпайық.
Сонымен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы, ұлттық кодты сақтау, ата-бабамыздың дәстүрін дәріптеп, кең жазира даламыздың әлемдік өркениеттегі үлесі сияқты ауқымды жұмыстар ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталғаны белгілі. Осы жұмыстардың барлығы ата-бабамыздың арманы болған мемлекеттігімізді күшейтуге және тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге арналғанын естен шығармауымыз керек.
Сондықтан біз бірлікті ту етіп, елдіктің іргесіне сызат түсіретін кез келген қауіпке қарсы тұратын иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Ұлтымыздың ертеңіне жанымыз шын ашыса, ұрпаққа бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан мемлекет қалдыруды ойлауымыз керек. Осы жолда бәріміз бір кісідей атсалысып, ақылмен әрекет етейік.
Мәулен Әшімбаев