Испан жазушысы Хавьер Моро Қазақстанда

3725
Adyrna.kz Telegram

14 желтоқсан күні Астана қаласында Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толуына орай, танымал испан жазушысының қатысуымен әдеби кеш өтеді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Хавьер Моро – бестселлерге айналған «Pasión India» кітабының авторы. Бұл туынды 22 тілге аударылып, әлем оқырмандары арасында үлкен сұранысқа ие болған. Қаламгер отыздан аса еңбек жазып, әдебиет саласында «Premio Planeta», «Christopher Award» сияқты жүлделерді иеленген.

Испания – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және онымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне испан халқының көзқарасы ерекше. Оған дәлел ретінде қазақ әдебиетін, қазақ поэзиясын испан жұртшылығына танытқан белгілі жазушы Хусто Хорхе Падронды атап өтуге болады. Хусто Хорхе қазақ ақындары хақында жазған мақалаларында қазақ поэзиясы туралы ой қозғауы,  әдебиетімізді испан жұртына жеткізуі екі ел арасында әдеби байланысты қалыптастырды. Қазақ әдебиеті жаңа қатынастар мен көзқарастарға жол ашып, 2015 жылы Хусто Хорхенің «Тозақ шеңберлері» («Los circculos del infirno») атты кітабы ақын Танакөз Толқынқызының аудармасымен испан және қазақ тілдерінде басылып шықты. Ал 2017 жылы «Қазақ ақындарының антологиясы» атты көлемді еңбек алғаш рет испан тіліне аударылып, кітаптың тұсаукесері Мадрид қаласында өтті.

Сонымен қатар әдеби кездесуде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы ның төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының «Балбал зары» (ис. «El llanto del balbal») атты испан тіліне аударылған кітабының тұсаукесері өтеді.

Аталмыш шараға Испания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро және Әлібек Асқарұлы, Жанат Әскербекқызы, Оңайгүл Тұржан, Танакөз Толқынқызы, Олжас Қасым, Ербол Бейілхан сынды қаламгерлер қатысады.

Ұйымдастырушылар: Испания мемлекетінің Қазақстандағы елшілігі, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы, Ұлттық академиялық кітапхана және «Фолиант» баспасы

Естеріңізге салсақ, Фолиант баспасынан испандық жазушылар – Артуро Перес-Ревертенің «Құрсау немесе өлім үстіндегі ойын», Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романдары, Росио Бонильяның балаларға арналған «Көршілер», «Торғай болғым келмейді», «Атам және мен» туындылары қазақ тілінде жарық көрді. Сондай-ақ «Фолиант» баспасы Испания елшілігінің көмегімен жас жазушы Мигель Рейна Антолиннің «Luces en el mar» (Теңіз шұғыласы) романын қазақ тіліне аудару жұмысын қолға алды.

Кездесу өтетін орын: Астана қаласы, Достық көшесі 11 (Ұлттық академиялық кітапхананың Конституция залы)

Күні: 14 желтоқсан сағ: 11:00

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер