Үндістандық миллиардерге тиесілі «АрселорМиттал Теміртау» мемлекетке қайтарылады – БАҚ

12184
Adyrna.kz Telegram

Үндістандық миллиардер Митталға тиесілі «АрселорМиттал Теміртау» мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Nege.kz хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Үкімет қабырғасында «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының жұмысын тоқтатып, национализация процессін бастау идеясы талқылануда. Ол бойынша Әділет министрлігі өзінің сараптамасын беруі тиіс. Себебі, Митталдың бізбен халықаралық арбитражда соттасатыны айдан анық", - делінген хабарламада.

Одан бөлек, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры, үнді азаматы Биджу Наирдың үстінен қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

"ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы бойынша,коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Биджу Наир «Арселор Миттал Теміртауды» басқарып отырған 2020 жылдан бері 14 адам өлді. Жыл сайын тұрақты түрде 4-5 адам апатты жағдайдың салдарынан қайтыс болады. Және ол тікелей компания басшысының кінәсі", - делінген басылым таратқан ақпаратта.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер