Ұйық
(поэма)
Ұйыққа түссең, түсіңде түс. Тұншыққанда, шошып оянарсың.
Тәмсіл
Жаңаратын жұртшылығы хақында,
Он ойланып, өлең жазды ол жақында.
Жатыр еді жаны жай боп, марқайып,
Жас суретші жетіп келді, ақынға.
Ауылдасы. Қолтығында суреті.
Күлімсіреп, күрең тартып тұр беті.
Келе салып картинасын сыйлады,
Бұл, әрине, ағасына құрметі.
«Біздің ауыл» деген сурет екен ол.
Бояулары бір қиялға жетелер.
Картинаны алып тұрып, қарт ақын:
– О, рақмет! – деді – Ылайым, өсе бер!
Анда-санда кездескенде екеуі,
Қауқылдасып, көңілденіп кетеді.
– Аға, – деді жас суретші тұра қап,
– Туған жерге өмірде не жетеді?
Қос қабағы бір-біріне қосылып,
Жанарынан жасынды ойлар жосылып,
Байсалданып, қоюлатып дауысын,
Жігітке ақын сөйлеп кетті көсіліп:
– Ер атағын елі ғана шығарса,
Ел атағын ері ғана шығарса,
Екеуінің бірлігі сол емес пе,
Басқа бақыт тілей қояр кім онша?!
Елін сүймес жерін қайдан сүйеді!
Жерін сүймес елін қайдан сүйеді!
«Мен» деп өлген мерез жандар – мешкейлер,
«Ел» деп өткен ер рухы – киелі.
Тамырыңда қаның «ел» деп ақпаса,
Туған жердің топырағы тартпаса,
Сен ешқашан «мықтымын» деп ойлама,
Бөтен елдің біреулері мақтаса.
Сен біліп жүр, тым кең ұғым «ел» деген.
Ол өлшенбес туған, өскен жерменен.
Бүкіл елді қорғау үшін бабалар
Қалың жауға қылыштарын сермеген.
Отан деген жаннан артық қымбатың.
Сының, сырың, ой-қиялың, сымбатың.
Отан деген шаңырағың, ошағың,
Соны сүйсең, сен де керек тұлғасың!
Ауылыңды жақсы көріп ересен,
«Туған жерге не жетеді?!» деме сен.
Жершіл болып жұртты бұзған жандар көп,
Ондайлармен опырайған төбе тең!
Асқақақын ағып келіп тоқтады,
Жүзі болат сияқтанып шоқтағы.
Суретші отыр абдырап та албырап,
Лап-лап етіп жүрегінің оттары.
– Аға, – деді ол – ғажап ойлар не деген!
Ақын жаны аңғарымпаз, көреген.
Өтінемін, рахаттанып тыңдайын,
Отан жайлы оқыңызшы бір өлең!
– Аман бол! – деп еркелетіп өренін,
Өлең өрті шарпып өтіп өзегін,
Арғымақтай атқып шыққан алдыға –
Ақын шұғыл бастап кетті өлеңін:
– Отан, маған отыңды бер, отыңды,
Сол отпенен жылытайын қосымды.
Сол отпен мен сом темірді илейін,
Сол отқа мен шақырайын досымды,
Отан маған отыңды бер, отыңды!
Жыр оқысам оттар ұшып көзімнен,
Сәуле шашып мен тұрайын өзімнен.
Ұран отын жағар күндер келсе егер,
Тұңғыш отың мен болайын көрінген–
Хабар беріп мен тұрайын өмірден.
Отан, маған тұзынды бер, тұзыңды,
Тұзыңмен тарт, жырыңмен тарт ұлыңды.
Түйір тұзың түгел менің өмірім–
Көргім келмес басқа жерде күнімді.
Отан, маған тұзыңды бер, тұзыңды!
Сенің тұзың – батыр ұлдың соңғы әні,
Саған деген сағынышы сондағы.
Сол бір ұлдай сүйем сені, сүйем мен,
От пен тұздан айырмасаң болғаны!
От пен тұздан айырмасаң болғаны!
Ақын тоқтап, кең тынысын алғандай,
Жібігендей, жіпсігендей кең маңдай.
Бір мұзбалақ самғап-самғап аспанда,
Шың басына жаңа ғана қонғандай.
Енді жігіт сөйлеп ала жөнелді:
– Рахаттанып қалдым рас мен енді.
Әттең, бірақ түсінбейді-ау көп жастар –
«Отан» және «Тәуелсіздік» дегенді.
Қиыстырып, жиыстырып әр несін,
Пенделер бар былғап жүрген Жер бетін.
Салғым келер опасыздың суретін,
Салғым келер отансыздың суретін.
Ал, салайын, жеткенінше құлашым,
Олар соны түсінбейді-ау, расым!
Шұқып тұрып көрсетсең де, бәрібір,
Шын арсыздар мойындамас күнәсін.
– Иә, солай, мойындамас! – деді де,
Тік қарады ақын жігіт көзіне.
– Біздің қоғам тазарады, көр де тұр,
Соны жүрмін жүрегіммен сезіне.
Биылғы жыл – екі мың да жиырма екі.
Жаңа ғана көрінгендей Күн беті.
Сыйлаған шақ Жаратушы жарлы елді,
Қираған шақ қиянаттың түрмесі.
Біздің халық туын көкке көтеріп,
Алдауға да, арбауға да еті өліп,
Өмір сүрді өрт кешкендей алқынып,
Замананың зар мен зәрін қоса еміп.
Сол замана аяз еді арқамда,
Үміт кештім, үрей кештім әр таңда.
«Мың асқанға – бір тосқан» деп, сол заман
Ақырғы рет тұяқ серпті қаңтарда!
Өзім үшін қуаныштың бастысы –
Жаңа келген мемлекет басшысы.
Сол адамның таңдайында тұрғандай,
Ел-жұртының тәттісі мен аштысы.
Қазір кеудем тұнып тұрған ән-жырдай,
Жүрегімнен жауып жатыр жаңбыр жай.
Күдіктерім, күмәндарым азайды –
Тоқтау суда тобарсыған балдырдай.
Үміттерім үлпілдейді тебіндеп,
Танабыма таза дәндер егілмек.
Жер-жаһанға жар салмақшы жүрегім:
«Жаңарады, жаңғырады елім!» деп.
Басымда жоқ буалдыр ой будағы,
Қасымда жоқ даңғазаның думаны.
Түйткүл ойлар тұтасымен бар еді –
Жырларымда тәуелсіз ел туралы.
Түйткіл тұрмақ, бар еді ғой ызам да.
Қаңғырдым-ау қармаланып тұманда!
Отыз жылда отым сөне жаздапты-ау,
Малым ұзап кетіпті ғой шығанға!
Рас, рас күйетін-ді кейде ішім,
Тұшына алмай, ұшыра алмай ой құсын.
Жылап қалған, құлап қалған қазақты,
Көріп тұрып, көрмеді ғой деймісің.
Ауылдарым қалған кезде қаңырап,
Күрсінумен көз ілмедім таң ұзақ.
Қимастармен, зираттармен қоштасып,
Талай ана жылап еді-ау аңырап!
Айырылып мәнінен де сәнінен,
Түгесілді татып жүрген дәмінен.
Ауыл жайлы өлең жаздым сол шақта,
Сол әсерден арылғам жоқ әлі мен.
Ақын тұрды жанар оты жарқылдап,
Тік қарады, дегендей бір «ал тыңдап».
Екі қолын екі жаққа жайды да,
Оқып кетті әлгі өлеңін саңқылдап:
– Алыс ауыл, сен маған тым жақынсың,
Құлазысам – қуатым, мұңдасымсың.
Бұрынғыңды ойласам – мың ғасырсың,
Бүгінгіңді ойласам – құрдасымсың.
Ант ішкендей өзіңде батырым бар,
Хан тіккендей өзіңде шатырым бар.
Алыс ауыл, сен менің қасымдасың,
Бізді бөліп жатқан тек шақырымдар.
Не керемет кеудемді кернеген үн?
Ол – Аңсарым, өзіңе шөлдегенім.
Сері күнім қалды ғой сенде менің,
Пері болып тайраңдап көрмеп едім.
Көз алдымда көлбейсің алыс ауыл,
Сағымданып қырларың сары сауыр.
Ашуы – қыс, ары – қар, жаны – сәуір
Ағалардың сендегі бары тәуір.
Шын асылдар, әрине, тым аз, дара,
Тым аздарға құдайдың күні аз ғана.
Ақсақалың бар еді бір аз ғана,
Сөзін ұстап қалды ма мұңы аз бала?
Алыс ауыл...
Сөз емес алыстығың.
Мың шақырым дегенің – қарыс бүгін!
Қасиеті сенде бар нан үстінің.
Қасіреті сенде бар намыстының.
Сол қасірет жаныма тым батады,
Кейде, кейде қабаққа мұң қатады.
Бишікештің опа емес бір матары,
Байшыкештің дәрі екен кімге атағы!?
Кейде мені керемет арбайды мұң,
Арбалған соң құлаққа сарнайды жын.
Сенің маған мұң ба екен шалғайлығың,
Қайда кеткен, құдай–ау, бар байлыгың!?
Той қызығын ұмытпас тойған ғана,
Қой терісін ірейді сойған ғана.
«Тайраңдама! – десеңші, – тайраңдама!”
“Ойлан, бала! – десеңші, – Ойлан бала!”.
Алыс ауыл!
Мен – түйір топырағың.
Торқа болып торқаңа косыламын.
Керек болсам – менмін ғой шакырарың,
Терек болсаң – менмін ғой жапырағың...
Алыс ауыл... мен – түйір топырағың...
Өлең тынды. Жайлап алды үнсіздік.
Суретшіге елес берді бір сұмдық.
Жас болса да ауыл дертін көп тартты,
Ағасының айтқандары – кіл шындық.
Екі қолын үстеліне тіреген,
Ақын тұрды баз кешкендей дүниеден.
«Жұт!» деді ол сұқ саусағын шошайтып,
Содан кейін оқып кетті бір өлең:
– Елдің, жердің еңсесін тұман басты.
Ақ даланың үстімен жылан қашты.
Ақ көбігін аузынан бұрқыратып
Ақ кебегін елеп тұр бір албасты.
Бұл албасты, білмеймін, қай албасты,
Таятып тұр алқымға таянбасты.
Қыстың қызыл жалмауыз өңешінен
Бүктетіліп бір жетім қоян қашты.
Қоян қашты. Жүр екен не күн көріп?
Жатыр ақ қар жабысып, желімделіп.
Үсік мұрын малшы тұр үрлеп қолын,
Әлдеқандай бір мұңды сезімге еріп.
Сезімге еріп тұр екен ол да қандай?
Болмағандай ештеңе, тоңбағандай.
Жақсылықтан үмітсіз жанарымен
Жылы жаққа бір сәлем жолдағандай.
Шындығында, бар ма екен жылы мекен?
Күні бөтен шығар-ау, түні бөтен.
Жылы үйдегі жылтыр бет, жылан көздер
Бұл құдайдың шын сүйген құлы ма екен?
Құдай қайда, заң қайда, патша қайда?
Қойдан жуас қазақты жат санай ма?
Ел бүтінде есті алған мына жұтта
Жаны дертіп, сүйегі қақсамай ма?
Айғыз-айғыз сауал тұр ақ самайда –
Көлік қайда, шөп қайда, ақша қайда?
Білгені де, білмегі тым аз малшы,
Бір күрсініп қарады батқан айға.
Ақырды аяз, қар бұрқап, жел желігіп,
Жалмауыз жұт тұр әлі жер кеміріп.
«Мен бүйтемін халқыма, мен сөйтем» деп,
Дүрілдеді мінбелер кеудені ұрып...
Ауырды ақын ауылдың күйісінен,
Мезі болды мінбенің “сый” ісінен...
Тұрмаса екен тұншығып биылғы жаз
Өлексенің борсыған иісінен.
Жас суретші қарт ақынға қарады.
– Жастар – деді – пана тұтты қаланы.
Досым өлді... арба сүйреп... осында...
Деді сонсоң: – Зорыққанан – ажалы!
– Иә, білем, – деді ақын, – танимын.
Мұңы болды-ау ауылдағы бар үйдің!
Талай жастар әлі де жүр базарда,
Күнін кешіп тұлдыр жетім сәбидің.
Сол баланы ұмытпаймын әлі мен,
Қатты батты жүрегіме бәрінен.
Өлген кезде, өксіп жылап отырып,
«Қай заманның құрбаны?» деп жазып ем.
Азабымыз әлі көп пе тартатын?
Кіміміз бар қолымызды артатын?
Үйде отырып өлең жазам мен байқұс,
Тепкендей боп таудың мылқау жартасын.
Шарам қайсы? Мен билікке не дейін?
Кімді даттап, кімнен бәрін көрейін?
Елімізді тонағандар кім екен,
Кім кеңітті жемқорлардың көмейін?
Қандай жүкті артып жүрміз иыққа?
Қашан, қалай тіреліп ек тұйыққа?
Ең азабы – екі көзді тарс жұмып,
Терең баттық тартпа батпақ – ұйыққа!
Қыран көкті кезіп жүр ғой шарқ ұрып,
Жорғалайды жылан алға талпынып.
«Қара ұйықтан шықтық па, әлде, жоқ па?!» деп,
Біз отырмыз екі иіннен алқынып.
Ақын сөзін айтып болып, тоқталды,
Әлденеге тісін қайрап, оқталды.
Сонсоң жырын бастап кетті дауылдай,
Көсеп-көсеп жүректегі шоқтарды:
– Ей, рухани құлдар!
Бұл арнау
Сендерге ғана арналды.
Жүрегім қазір тілеп тұр –
Аяқсыз айқас жанжалды.
Көкірегім менің Көк Аспан,
Көтеріп ұстап шамдарды
Прометейлер онда қаптап жүр
Сендердей іздеп жандарды,
Жарық қып күңгірт аңғарды!
Барасың қайда, құлдарым,
Тірлігің қалды күн жарым?!
«Құл» деген сөзге құлшынып,
Көкіректерің жыртылып,
Намыстарыңның найзасын
Кеудеме менің тіреңдер.
Ерте өлуін күнімнің,
Өртелуін жырымның
Құлшылық сұрап құдайдан
Күн сайын жылап тілеңдер.
Құл емей сендер кімсіңдер,
Құлдан да бетер күндерің.
Бұл атақтан ақтамас
Жиһазға толы індерің.
Өмірлеріңде бір түстік,
Қылышсыз, оқсыз қырқыс қып,
Арлы мен жарлы адамға
Жау көргендей ақиып,
Кекірігі азған наданға
Құлдан жаман бас иіп
Жүргендер, сендер – құлдарсың,
Қай бетіңді бұлдарсың!?
Кезінде болған шын құлдар,
Оларды шырмап шынжырлар,
Еріксіз байлап, матаған.
(Мұны да қолдан жасаған
Жақсылыққа қас адам!).
Ал сендер, менің құлдарым,
Ішіне тыққан тырнағын
Мысықтай боп пырылдап,
Жылы орынды мекендеп,
«Бұдан да жайлы орынға
Қай күні қалай жетем?» деп,
Арларыңды саудалап,
Жақын жерден жау қарап,
Қарындарың іркілдеп,
Жемсауларың бүлкілдеп,
Азап пенен мазаққа,
Жұмақ пенен тозаққа
Құл болумен жүрсіңдер!
Тірі деген ат қана
Күнде өлумен жүрсіңдер!
Алдыма менің тартпаңдар –
Абырой, атақ дегенді.
Соттасаңдар, атсаңдар,
Көмеді халқым денемді.
Адамдықтың Ақ Туын
Ұстамақпын мен енді.
Ол – Ұлы Ту Ар атты!
Ол – Ұлы Ту Ар атты!
Көтеріп әлі келеді
Ауырлықты, азапты.
Күндердің күні болғанда,
Құлындар күлік болғанда,
Әділет тұнып, толғанда,
Достастық ғұрып болғанда –
Сендердің зұлымдықтарың,
Саясат – жұлын құрттарың
Қан сорғалап ізінен
Кетеді жердің жүзінен!..
Жас суретші үйіне кеш оралды.
Ұйып қалған ұйық батпақ – көз алды.
Батып кеткен жылқыларды естіген,
Шошып тұрып есіне алды соларды.
Көкірегін бара жатыр күйік жеп,
Ел мен жұртта әлі күнге күйіс жоқ...
Содан бері сенделіп жүр суретші,
Қайта-қайта: «Ұйық! Ұйық! Ұйық!» деп.
Әбубәкір ҚАЙРАН