Қарымды қаламгер, атақты айтыскер Қонысбай Әбіл дүниеден өтті

3928
Adyrna.kz Telegram
Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер,  сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбіл 68 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қаралы хабарды ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жеткізді. Ақын өзінің Facebook-тегі парақшасында:

"...Астанадан таң бозымен тағы бір ауыр хабар жетті - арқалы ақын Қонысбай Әбіл дүниеден өтіпті! Жалған-ай!.. Қазақстанның Халық ақыны, атақты айтыскер, алты Алаштың ардақтысы, сөз сүлейі, сайыпқыран сатирик, қарымды қаламгер, тіл жанашыры, от ауызды, орақ тілді, сегіз қырлы, бір сырлы асыл азамат бұл пәниден бақиға көшіпті! Көкірегім қарс айырыла отырып, марқұмның отбасына, аяулы ақынын қадірлейтін халқымызға көңіл айтамын. Бақұл бол, досым! Жаның жаннатта болсын!" - деп жазды.

Оқырманға Қонысбай Әбіл хаққында ғұмыр-дерек ұсынамыз.

Қонысбай Әбіл 1954 жылы 21 мамырда Қостанай облысы, Жангелді ауданында дүниеге келген.

ҚазМҰУ, журналистика факультетінің түлегі. Кезіндегі "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінің Торғай, Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі болған. Одан бөлек "Торғай таңы", "Арқалық таңы" газеттерінде басшылық қызмет атқарды. Торғай облыстық телерадио компаниясының төрағасы болған. "Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағына" тізгіндік еткен. Түрлі деңгейде тіл саясатына атсалысқан білікті маман. Сонымен қатар ол ұлтымыздың ұмыт бола жаздаған ұлы өнері – ақындар айтысының халқымызға қайта оралуына, оның өркендеп дамуына қомақты үлес қосқан алдыңғы қатардағы лектің өкілі.

"Адырна" ұжымы қазақтың айбоз ақынының отбасына, оқырмандарына, шәкірттері мен жора-жолдастарына қайғыра отырып көңіл айтады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер