Америкалық студент қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келетінін хабарлады

5131
Adyrna.kz Telegram

АҚШ-тағы Джорджия штатының Атланта қаласында тұратын студент,  әлемнің 25 тілінде еркін сөйлейтін полиглот қыз қазақ жігітіне жар болуды армандайды. Бұл жайлы америкалық қыз "el.kz" порталына берген сұхбатындағы әңгіме арасында орайын келтіріп, айтып қалды. Оның қазақ тіліне деген құрметі "жүрегімнің иесі де қазақ жігіті болса екен" деген арманына жол ашқан. Қыздың есімі – Кэмерон. Қазақша аты – Айбала. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді.

"El.kz"-тің хабарлауынша, оның Қазақ еліне деген айрықша қызығушылығы  Қызылорда қаласынан бала асырап алу сапары туралы жазған біреудің кітабын оқығаннан кейін оянған. Қазақ тіліне және салт-дәстүріне деген ықыласы артқан.

«Осы кітапты оқығаннан кейін алдымда бір мақсат тұрды. Қазақ тілін 2020 жылдың қаңтарында үйрендім. Бүгінде еркін сөйлей аламын. Онлайн арқылы да үйренуге болады. Менің ойымша, қазақ тілінде сөйлейтіндер түркі халықтарының тілін оңай үйрене алады», – дейді.

Сондай-ақ, ол өзі меңгерген 25 тілдің ішінде бір-біріне ұқсас келетін тілді атап өтті. Яғни, үйренуге келгенде қиындық соқпағанын айтты.

«Ұқсас тілдің ішінде қазақ, якут, қырғыз, өзбек, ұйғыр сияқты түркі тілдері бар.  Біреуін білсеңіз, екіншісін үйрену өте оңай. Ал үйренуге қиындық тудырған тілдің кейбірі айтылуы, алфавит және грамматика жағынан болды», – деді ол.

Америкалық студент өзі сияқты қатарластарына тіл үйрену кезінде ана тілінде сөйлейтіндермен жиі тәжірибе алмасу аса маңызды екенін айтады.

«Сол арқылы өзге тілді үйренудің әрдайым пайдасы бар. Қазақстанда тұратын қазақтар міндетті түрде өз тілін білу қажет. Өйткені, қазақ тілінің байлығы өте көп. Мен оны тіл үйрену барысында түсіндім», – дейді Айбала.

Ол қазақ тілін білсе де, Қазақстанға әлі келіп көрмеген екен. Алайда болашақта Қызылорда немесе Сарығашта тұрғысы келеді.

«Қазақ тілін білсем де, қазақ жеріне барып көрмедім. Алдағы уақытта міндетті түрде жоспарлап отырмын. Себебі қазақ достарым өте көп және қазақ елін қатты құрметтеймін. Мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығамын. Табиғаты да сұлу. Дәмді-тағамы мен қонақжайлығы бір де төбе», – дейді полиглот студент.

Айбала бүгінгі таңда ислам дінін қабылдаған және қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға ниетті. Оны қазақ жігіттерінің өр тұлғасы мен алып қашу сияқты салт-дәстүр ерекше қызықтырады екен. Болашақта қазақтың дәстүрімен той жасауды қалайды.

Америкалық студент әлеуметтік желіде өте белсенді. Қазақша видеосын көрген желі қолданушылары оған ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жаудыртуда. «Қазақшаңыз өте жақсы екен», «Елімізде тұратын өзге ұлттардан және қазақтардан жақсы сөйлейсіз», «Келсең, күтіп аламыз»,  – деп жазуда желі қолданушылары.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер