"Билік 31 жылда Мемлекеттік тілді табанға таптап, Тәуелсіз Қазақ Елін қорлаумен келе жатыр!" - депутат Қазыбек Иса

4491
Adyrna.kz Telegram
Өз ұлтының тілінде ойланбайтын жанның қазақ қамын ойлайтынына ешкім сене қоймайды. ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын, тіл майданында белуардан талас-тартысқа түскен Қазыбек Иса өткір мәселені алға тартты. Ол мемлекеттік тілге миы жетпейтіндерді қызметке кім алса, алған адамның өзі аудармашы болсын деген талапты билікке тікесінен қойды. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлады.
Ақын, ҚР Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса биліктің басын ұстап, туған тілін cыртқа итеріп жүргендерге қатысты жойқын пікір білдірді.
- Мемлекеттік қызметте Мемлекеттік тілді білмейтіндер қаптап жүр! Мемлекеттік тілді білмей Мемлекеттік қызметте, Үкімет пен министрлікте басшылыққа дейін, Президент әкімшілігі мен әкімдіктерде жоғары лауазымды қызметтерді қалай атқаратынына 31 жылда да басымыз жетпей қойды!
Шынын айтқанда, бұл 31 жылда билік Мемлекеттік тілді табанға таптап, яғни Мемлекетті, Тәуелсіз Қазақ Елін қорлаумен келе жатыр! Өткен аптаның басында, 14 қарашадағы Парламент Мәжілісінде өткен “Балық өндіру мен шаруашылығын дамыту” тақырыбына арналған Үкімет сағатында Мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын “балық” вице-министрлердің “шеруі” өтті… Қазақша қойылып жатқан депутаттар сұрақтарына Ресей Думасына келгендей Ресей тілінде зуылдап жауап беріп жатты. Олар, атап айтқанда, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай және Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Айдар Аймурзиндер. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, - деді депутат.
Кейіннен туған тіл майдангері Қазыбек Иса биліктегі азаматтардың қазақша қойған сауалды санасында өрбіте алмай, шатып-бұтып, шатқаяқтағанын жазды.
- Елнұр Бейсенбаевтың ауылдағы балықшылардың жағдайы туралы сұрағына Тимур Жақсылықовтың жазып алған дайын қазақша жауабы жаңылысып кетті. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы туралы жалпы қысқа мәліметті қазақша бірінші сынып оқушысындай ежіктеп зорға оқып берді. Бұрыс жауапқа қанағаттанбаған депутат Елнұр Бейсенбаев: «Құрметті вице-министр мырза, мен сізден «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қалай іске асқанын сұраған жоқпын. Мен сізден: «Қанша балықшыны даярладыңыздар? Қанша балықшы диплом алып, ауылға барды? Қанша балықшы үй және әлеуметтік қолдау алды? 2009-дан бері 13 жылда қанша балықшыға қолдау көрсеттіңіз?» - деп сұрадым. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасын біз сізден артық білеміз. Қанша қаражат бөлініп, қалай іске асып жатқанын. Қанша балықшы барды, сонымен? Сізде есебі бар ма?»-деп сұрақтың төтесіне көшті, - деп жазды депутат.
Сонымен қатар, Парламенттегі өрескел қателікті айыптап, бассыздықты доғару қажет екендігін талап етті.
- Заң шығарушы орган - Қазақстан Парламентінде Қазақ Елінің Мемлекеттік тілі ғана жүруі керек! Ресей Думасының тілі емес! Ол үшін парламенттегі “Мейлі, орысша айта берсін”, бәрімізге түсінікті тілде сөйлей берсін”-деген жалпақшешейлікті доғару керек! Бұл біріншіден, Мемлекеттік тілімізді “жұрт түсінбейтін тіл” деңгейіне түсіріп, қорлау, екіншіден, ондай қажеттілік болмаса, өзге тілділер бұдан 100 жылдан кейін де мемлекеттік тілді үйренбейді!..Артында миллиондар тұрған, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа еститін мемлекетіміз Әділетті Қазақстанда әділетті қарайды деп сенеміз, - деді сөз соңында Қазыбек Иса.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер