“Қазақтар, доғарыңдаршы”. Белгілі блогер Қазақстанда қандай жағдайға тап болғанын айтты

1151
Adyrna.kz Telegram

Белгілі блогер Салим Айлазов Қазақстандағы сапары кезінде қазақ халқының қонақжайлығына ерекше алғыс білдірген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жол үстінде көлігіне жанармай таусылып, қиын жағдайға тап болғанын айтқан. Алайда, дәл осы сәтте оған көмектескен қазақ азаматтарының жанашырлығы мен мейірімі ерекше әсер етіпті.

«Жолда жанармайым таусылып тұрып қалдым. Қазақтар өз көліктерінен жанармай құйып берді. Ол ол ма, асханаға апарып, күштеп тамақ ішкізді. Нөмірімді алып, қонаққа шақырды. Мен бұл нәрсеге шыдай алмаймын, мені тамақтандыра беруді доғарыңдаршы, мен шаршадым», – дейді ол әзілмен.

Блогер Айлазовтың айтуынша, кері жолға шығатын кезде қазақ жігіттері көлігін автожуу орталығына апарып, тегін жуғызып берген. Бұдан бөлек, Астанадағы күрд достарымен де кездесу ұйымдастырған.

«Жалғыз келіп едім, қайтарда 55 дос таптым. Қазақтар, қойыңдаршы, болды ғой. Адамды күштеп қонаққа шақыруға бола ма екен? Қазақтар, бауырларым, бәріңе шын ризамын. Бірігіп қазақша контент жасаймыз. Мәдениетімізді, идеологиямызды бірге насихаттайық», – деп түйіндеді блогер.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі үндеу видеосының астына жазба қалдырған.

«Анам – Қазақстан, Әкем – Күрдстан», - деп жазды блогер.

Пікірлер