2030 жылға дейін Алматыда 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда  - Президент

2570
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарында қала халқымен кездесу өткізді.  Онда біршама маңызды мәселлерді жіпке тізді. Соның бірі- ауаның ластануы болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Алматылықтар Ауаның ластануының жоғары деңгейіне қатты алаңдайтынын білемін. Бұл мәселе қала тұрғындары үшін ең маңыздыларының бірі санатына өтті және дереу шешуді талап етеді. Сондықтан экология мәселелері әрқашан менің назарымда. Қоршаған орта азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына тікелей әсерін тигізеді», - деді Президент кездесу барысында.

Күн сайын атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының көлемі шамамен 125 мың тоннаны құрайды. Негізгі көздер автокөлік (55%), қалалық ЖЭО және өнеркәсіптік кәсіпорындар (35%), сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлер (шамамен 10%) болып табылады. Жағдайды "желдің раушанын" ескермейтін және қалаға таза ауаның түсуіне жол бермейтін тығыз құрылыс қиындатады. Жол-көлік жүйесінің тиімділігін арттыра отырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға болады.

«Жаңа технологиялар мен ақылды трафиктің арқасында азаматтардың ұтқырлығы қоршаған ортаға теріс әсер етпейді. Әкімдік қалада, ең алдымен өнеркәсіптік кәсіпорындарда экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қатаң қадағалауға тиіс. ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстыру зиянды шығарындылар деңгейін он еседен астам төмендетуге мүмкіндік береді»,-деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мегополис тұрғындарымен ашық диолог құрған Президент жеке тұрғын үй секторын толығымен газдандыру да маңызды екенін де айтты.  Бүгінгі таңда Алматы қаласының әкімдігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде, газбен жылытуға қосылмаған мыңға жуық үй қалды. Алайда, әлі шешімеген бір түйіткіл бар. Ол - қала маңындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі.

Мемлекет басшысы Алматыда ауа мен қоршаған орта сапасын жақсартудың тағы бір маңызды факторы көгалдандыру екенін алға тартты.

Президенттің сөзіне сүйенсек, Жасыл желегімен танылған Алматын Алматының  соңғы жылдары жасыл қала ретіндегі беделі төмендеген.

« Біз шетелге барамыз және Алматыға қарағанда жасыл және таза қалалар бар екенін көреміз. Онда шамамен 4 миллион ағаш бар, бірақ кейбір аудандарда олар жеткіліксіз. Сонымен қатар, қаладағы жасыл кеңістіктер мен ағаштардың 10% - дан астамы жаңартуды қажет етеді. 2030 жылға дейін Алматыда 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұл өте үлкен көлем. Ең бастысы, көгалдандыру суармалы судың қол жетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мағыналы және біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олардың санын көбейту және абаттандыру бойынша дәйекті жұмыс жүргізілуде. Бұл  іс айтарлықтай қуанта алмайды. Алайда, қала басшылығы мұнымен тоқтап қалмауы керек. Алматы өзінің «бақша қаласы» мәртебесін күшейтуі тиіс. Бұл тек қаланың ғана емес, бүкіл елдің беделіне қатысты мәселе. Ол үшін тұрақты «экологиялық қаңқа» құру қажет, оған жаңа рекреациялық аймақтар мен Алматы тау бөктерінен ойпаттарға дейін қиылысатын және мегаполистің табиғи желдетуін қолдайтын көгалдандырылған өзен дәліздері кіреді»,-деді өз сөзінде Президент.

Тоқаев, қаланың экологиялық жай-күйін жақсарту үшін алдымен өскелең ұрпаққа жасыл желектерге ұқыпты қарау деген ойды бойына  сіңіруіміз керектігін еске салды.

Оның айтуынша, кейбір елдерде, атап айтқанда Түркияда ағаштарды кесуге және жасыл желектерді жоюға қатаң тыйым салатын заңдар бар.

«Біз пайдалы шетелдік тәжірибені пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Алматының Бас жоспарын жаңарту бойынша жұмыс шеңберінде бірыңғай қала құрылысы регламентін қабылдау қажет, ол ауа ағындарының айналымын ескеруі тиіс. Бұл шаралар қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуда елеулі прогреске қол жеткізуге мүмкіндік беретініне және қала тұрғындарының денсаулығын сақтауға және өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін,-деп түйіндеді Тоқаев.

Пікірлер