Алтын кенін ың-шыңсыз тонап келген жамбылдық ұсталды

2765
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында тонналаған алтын кені бар жерасты цехы анықталды. Алтын шыққан жерді белден қазған тұрғындар оны ың-шыңсыз тонап келген. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, қазір 37 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Жерасты цехы шикізатты, құрамында бағалы металдары бар тастарды өңдеумен айналысады. Сонымен қатар жеке тұрғын үй іргесінен электрлі ұсатқыш диірмен, ұсақталған руда қалдықтары, елеуіш, магнит, тау жыныстарын тасымалдайтын арбалар, күректер, сынап қосылған сұйықтық, екі үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды.

Қоймада екі ер адам иесіне қалтқысыз жұмыс істеген.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы, 1-бөлігіндегі "Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізаттың заңсыз айналымы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

- Мемлекетке келтірілген шығын әлі анықталып жатыр. Бірқатар қажет сараптамалар тағайындалды, - деп қорытындылады полиция.

14 қарашада Абай облысы Жарма ауданындағы Еділбай учаскесінде де құрамында алтыны бар кеннің  заңсыз өндірілгені хабарланған еді. Жармадағы қылмыстық топ мүшелерінің арасында шетелдіктер де болған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер