“Күшім де, тәжірибем де жеткілікті”: Қарақат Әбден Салтанат Тұрсынбековаға жауап берді

1981
Adyrna.kz Telegram

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Салтанат Тұрсынбекованың пікіріне жауап берді. Ол жауабын Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, президенттікке кандитаттардың бірі Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденге сайлау науқанынан бас тартып, өз штабына қосылуға шақырған еді. Бұл пікіріне  Қарақат Әбден де үнсіз қалмады.

“Кейбір кандидаттардың маған ерекше ықылас білдіріп, сайлауалды бағдарламамды өте мұқият зерделеп шыққаны үшін алғыс айтамын. Бағдарламаға мәслихатта, мемлекеттік басқару секторы мен қоғамдық қызметте жинақтаған ұзақ жылғы тәжірибем негіз болды.

Бір бастаған істі соңына дейін жеткізетін әдетімді менің жақтастарым, көптен бері бірге  жұмыс істеп келе жатқан кісілер мен бастамаларымды қолдайтын жандар жақсы біледі. Өзге кандидаттарға бұдан басқасын білудің қажеті жоқ”,- деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта ел өңірлерінде сайлаушылармен бірнеше кездесуім өтетінін де айтты.

«Аз сөйлеп, көп іс тындыр» демекші, халқымыз ежелден-ақ аз сөзді алтынға балаған. Күшім де, тәжірибем де жеткілікті.

Басқа кандидаттарға сәттілік тілеймін және шектен шықпауға шақырамын. Басты назарда кандидаттар емес, сайлаушылар болу керек”,- деп жазды Қарақат Әбден.

Пікірлер