Ақтөбелік директор өз бөлмесін оқушыларға беріп, жертөлеге түсті

2566
Adyrna.kz Telegram

Оқушыларға лық толған мектептің директоры өз кабитетінің кілтін мұғалімдерге ұстатып, жұмыс орнын жертөлеге ауыстырды. Аталмыш білім шаңырағына оқушылар сыймай, дәліз бен киім қоятын бөлмелер де сыныпқа айналған.  Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы " Liter.kz "-ке сілтеме көрсете отырып хабарлады.   

Ақтөбедегі Есет батыр ауданы (ел ішінде - Нұр сити), Дінмұхаммед Қонаев атындағы білім ордасы оқушыға лық толы. Қазір мектеп 3 603 баланы (талабы бойынша - 2400 оқушы болуы тиіс) екі ауысымда оқытып жатыр.  Бастауышта 460 оқушы бар. Жалпы - 19 cынып. Оқушыларды сыныптарға бөлу жұмысы да ауқымданып, "Т" сыныбына дейін ашылған. Жыл сайынғы мектеп талапкерлерінің саны 400-500-ге артып отыр.

Мектеп директоры Абзал Тәжімішевтің өзі жылы, жайлы бөлмесін 11-cыныптың оқушыларына табыстап, астыңғы қабатқа түскен.

- 1 қыркүйектен бері осындамын. Норматив бойынша бір ауысымда 1 200 оқушы болуы тиіс, яғни екі ауысымда – 2 400. Ал бізде 3 603 оқушы оқиды, яғни 1 203 оқушы бұл нормативтен артық. Біз пайдалануға болатын барлық бөлмелер: киім-кешек бөлмелерін, дәлізді, жертөлені қолдандық, - деді Тәжімішев.

Қазіргі күні жертөледе домбырада үйірмесінің кабинетін жасау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Онда 100 оқушы оқиды. Мектеп ұжымы тізе қосып, өздері жертөледе кабинет жасақтап жатыр, ер мұғалімдер еден құйып, кереге сылап, гипсокартоннан қабырғалар орнатуда.

Мәселенің шешімін табу үшін мектептің іргесінен екінші ғимарат салу қажет. Бірақ әзірге бұған қатысты жобалау-сметалық құжаттама дайын. Мектеп әкімшілігі  ЖСҚ-ның сараптамамен айналысып жатқанын айтты. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, үрдіс 45 күнге созылып,іс-қағаздармен жұмыс биыл толық аяқталады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер