«Қазақстан бойынша 90 мыңға жуық студентке жатақханадан жетіспейді». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев "Сұрауы бар" YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Қазақстан бойынша 90 мыңға жуық студентке жатақханадан орын жетіспейді. Соның 60 мың орны екі қалада: Алматы және Астанада. Ең көп ЖОО-ы шоғырланған Алматыда Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті бар. Қазіргі студенттерінің саны - 16 мыңнан асады. 16 мың студенттің 12 мыңға жуығы шет жақтардан, ауыл-аймақтардан келген. 12 мың студентке не керек? Жатақхана керек. Бірақ біздегі бұл университеттің жатақханалық фонды - 2 мың орын. 16 мың студентке 2-ақ мың орын бар. Тағы бір ақпарат айтайын. Жүрегіңіз ауырады. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойын тойлап жатқан жылы №1 педагогикалық университеттегі ең жаңа жатақхана - 1958 жылы салынған. Сонда біз 30 жыл тәуелсіздігімізде педагогтарды тәрбиелейтін университетке бір жатақхана салып беруге қауқарсыз болдық",- дейді депутат.
-->