Қазан айы. Сәрсенбі. Жай сәрсенбі емес, көптен күткен сәрсенбі. Бүгін дала Ділмарларының ізін жалғаған, жанарлары жалын атқан жалынды студенттердің арасындағы шешендік байқауы өткелі тұр. Шешендік додасында өнер көрсетіп жүрген өрендердің бірі болған соң, мен үшін мұндай байқауды бақылап, рухани байлық алудан асқан бақыт жоқ.
Таңның жайма шуағына жылынып, Абай атындағы мектептен Абай атындағы университетке асығыс келдік. Аудиторияға аяқ бассам, жиылған жұрт әңгімелесіп, көңілді күймен отыр. Менде орындыққа отырып, сайыста бағын сынайтын Рамазан досымды күттім. Сүт пісірім уақыт өткеннен кейін Рамазан мен Шыңғыс досым арқаларына сөмкелерін артып келіпті. Қал-жай сұрасып болғаннан соң:
—"Мынадай тақырыпқа мынадай пікір айтамын" - деп жарысқа жарты сағат қалса да Рамазан дайындығын пысықтап жатты...
Бұл аламанның алдында апта бойы Рамазанмен тыным таппай шешендік тақырыптар бойынша іздене бастадық.
Айтпақшы, біздің кез келген шешендіктің бәйгесінде бақ сынардан бұрын ат мініп айбаттантын әдетіміз бар. Әдет емес, дәстүрге айналды. Қанымыз қазақ болғаннан соң әр Алаш ұлының бойында атқа деген құмарлық болады емес пе?! Осы дәстүрді тағы жалғастырып, студенттер арасындағы сайыс алдында Рамазанның ауылына барып, жанымызды рахаттандырып тұлпарды тақымдадық. Содан болар досымның ойы сергек, рухы асқақ екені қарашығынан көрініп тұр. Үстінде өрнекті, жарасымды қазақы қара шапаны, басында оюлы көркем тақиясы бар. Құдды бір кешегі өткен Қазыбектердей қасқая алшаң басып жүр...
Бірінші кезең басталды. Жарқын ұстаз: "Біз қазылар алқасын таныстырмаймыз, студенттердің де қай өңірден келгені туралы тіс жармаймыз. Барлығы әділ болуы тиіс. Ешкімге бұра тартпай тең қараймыз"-дегенінен-ақ байқауда шаңның тозаңындай шикілік жоқтығына сендіқ, куә болдық.
Бірінші және екінші жұп өнер көрсетті. Ал үшіншісінде Рамазан досыммен Талшын атты қараторы қыз жұптасты. Екеуіне "Әлеуметтік желінің әлеуеті күшті ме?" деген ауқымды тақырып бұйырыпты. Бірақ, бұл тақырыпқа Рамазан аса жақсы дайындалмаған еді. Яғни, оң жамбасына түспеді. Досым таныстыруда кідіріп қалды.
Мен ішімнен: "Мүмкін емес! Жоқ. Рамазан сөйлемей қалуы үш ұйықтасам түсіме кіретін нәрсе емес"-деп тұрғанымда досым сөйлей кетті. Қазақтың көнерген әрі көркем сөздерін қиыннан қиыстырып сайрағанда жаным жай тапты. Халықтың да көңілі көтеріле лепіріп:
— Керемет!
— Ай азамат!
— Жарайсың!
деген дауыстар құлаққа жағымды, жанға жайлы естілді. Досым еш кезеңнен сүрінбей өтті, керісінше жаңылған студенттердің қатесін түзеп, көрерменнің көзайымына бірден айналды.
Бір уақытта ішімізге ел қондырайық деп, "Қағанат" асханасына тарттық. Рамазан шапанын шешпей, саябақ пен асханада ұлттық киіммен серілерше жүрді. Елдің не ойлағаны қаперімізге кіріп те шықпады. Әйтеуір құр қиял, бос сандырағым ба әлде орындалатын арманым ба білмеймін, тілдері шығып үн қатқандай: "Қазақтың ұлттық киімі бренд болса ғой шіркін! Бізді ұлтын құрмет тұтатын мемлекет деп шартарап танитын еді"-деген ойлар келе берді. Өйткені, Рамазанның үстіндегі шапаны елден ерекшелендіріп тұрды...
Жарыс тамам болып, қазылар алқасы қорытынды шығару үшін басқа дәрісханаға кетті. Ал аудиторияда Абай атындағы универститетінің студенттері өнерлерін көрсетті. Домбыра, гитара тартып, ән айтып думандатқаны көңілді одан әрі көтерді. Біздің мектептің түлегі Думан бауырым да қоңыр домбырасын күмбірлетіп, домбыра тартудан аудиторияда отырған барлық баладан басым екенін дәлелдегенде, төбем көкке екі елі жетпей қалғаны өтірік емес. Ән айтып отырғанда қазылар қолдарына марапаттарын көтеріп, кіріп келді. Кім қаншасыншы орын алады екен, қызық.. Әуелі ұстаздарды марапаттады. Содан кейін белсенді студенттерді, арнайы жүлде иелерін, үшінші, екінші орындарды атады. Бірінші орын мен Бас жүлде әлі айтылмады. Рамазан мен Думан қалды... Жүрегімнің қағысы жиілей түсті, әлде бір үрей бойымды биледі. Әрине бұл Рамазан екеуміздің арамыздағы жақын достықтың бірден бір белгісі емес пе?!
—"Бірінші орын - Думан! "- деді қазылар.
—Уххх... "Рамазан бас жүлде алды" деп құттықтауға жүгіріп бара жатқанымда әділ қазылар:
—"Бас жүлде - Қожмұқан Рамазан Нұрланұлы"- деп досымды ортаға шақырды. Бауырымның жүзі жадырап, күлімдеп қоя берді... Рәкеңнің бас жүлдені қанжығасына байлауы зор тәжербие, үлкен еңбекпен келді. Досым бұл марапатқа әбден лайық!!
Осылайша көптен күткен үйірмеміз ұйытқы, Абай университеті қолдаушы, "Атамұра" корпорациясы демеуші болған студенттер арасында І республикалық "Ділмар" шешендік өнер байқауы стті аяқталды. Ал біз көтеріңкі көңілмен білім ордамызға беттедік...
Түйін сөз: Шешендік ұлы асқар. Ал біз бұл шыңның етегіне де табан тіремедік. Бабалар негізін қалаған шешендік өнердің нұрлы шырағын өшірмеу біздің қолымызда! Арқамызға артылған аманатты ақтамау - арымызға арылмас дақ болып қала бермек!!!
Шәміл Тимурланұлы, "Ділмар" шешендік өнер үйірмесінің мүшесі.