Дархан Қыдырәлі: "Қазақстанға жүйелі түрде ақпараттық шабуылдар жасалып жатыр"

864

Кибершабуылдарды арнайы жүйелер жасап жатқанын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты. Министр бұл туралы Qazaqstan ұлттық арнасының Apta бағдарламасына берген сұхбаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, Абай облысына сапары кезінде Мемлекет басшысы кибершабуылдар көбейіп кеткендігі туралы айта кеткен еді. Ведомствоға келгеніне бір ай болған министр Дархан Қыдырәлі де осыған қатысты өз пікірін білдірді. 

“Жалпы ғалымдар «постшындық» деп атаған осы кезеңде гибридтік соғыс әлемде өршіп тұр. Мұндай мылтықсыз майдан кезінде дабыра-дабыл, анықталмаған ақпарат, дәйексіз деректер көп жағдайда жұртты шатастырады, оқырманды адастырады. Сондықтан осындай ақпараттық шабуылдың қазір біз Қазақстанға да бағытталғанын көріп отырмыз. Бұл туралы Президент те Семейдегі сөзінде атап өтті. Шын мәнінде бұл ақпараттық соғыс кезінде елдегі бірлікті, берекені, жалпы тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін тек қана жазарман қауымға ғана емес, тұтынушыға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені біз сол ақпаратты тарату арқылы кейде заң бұзушылық жасап отырғанымызды немесе тексерілмеген деректі таратып отырғанымызды аңғармай қалуымыз мүмкін, - деді ол.

Министрдің айтуынша, осыған байланысты жалпы ақпараттық соғыс кезеңінде кез келген азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеледі.

“Өткенде DoS-шабуыл деп техникалық жағы да айтылды. Содан кейін кибершабуылдардың да үдегенін көріп отырмыз. Мысалы, кеше Павлодарда арнайы бір фейк-ақпарат тарады. Оны да шетелдік азамат таратқанын білдік. Соңғы бір айды алып қарасақ, отыз күннің ішінде Діндер съезі өтті, Рим папасы келді. Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке, Лондонға сыртқы сапарлары өте үлкен резонансқа ие болды. Сондықтан Қазақстанды біреулер тұрақсыздықтың аралына айналдырғысы келетін сияқты. Мұның сайлауалды кезеңмен тұспа-тұс келуі де ойландырмай қоймайды. Сол үшін мұны арнайы жүйелер жасап жатқанын байқау қиын емес”, - дейді Дархан Қыдырәлі.

 

“Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket