Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында осы жылдың соңына дейін әлі жарық жүргізілмеген 100 көшеде сыртқы жарық орнатылады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
"Өткен кездесуде сіздер «Шуақты», «Нұршашқан» , «Әлмерек» және «Қайрат» шағынаудандарында үнемі жарықтың сөніп қалатынын айттыңыздар. Оның негізгі себептері желілердің тозуы және қуаттың жетіспеуі болып табылады", - деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, аталған мәселелерді шешу үшін жұмыс екі бағытта жүріп жатыр.
Бірінші, қазіргі таңда 4,2 км электр желісі реконструкцияланды. Жылдың соңына дейін 11 км-ге дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша, «Шуақты» және «Нұршашқан» шағынаудандардағы ескі электр желілерін жаңарту аяқталады. 2023 жылдың I-тоқсанында «Әлмерек» және «Қайрат» шағынаудандарында осындай жұмыстар басталады.
Екінші, Бүгінгі таңда жеткілікті қуатты қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» подстанциясы салынып жатыр. Объектіні 2023 жылдың II-тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Содан кейін осы шағынаудандарды тұрақты электрмен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілетін болады.