Айдос Сарым "Әкім құдай емес", деді.

2705
Adyrna.kz Telegram

Елімізде тіршілік жаңарған уақытта жылда болатын ауыс-түйістің бергі беті көріне бастады. Күні кеше Елбасының жарлығымен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қызметінен босатылып, президент әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды. Мемлекет басшысының мұндай шешіміне қатысты ел арасындағы пікір екіге бөлінді. Алайда қолдап, шешімнен оңтайлы нәтиже күтетіндердің қатары артқан. Мәселен, Исекешевті жаңа әрі жауапты лауазымымен құттықтап, қуанышымен бөліскендердің қатарында блогер, сарапшы Сырым Әбдірахманов, танымал пиар маманы Қуат Домбай,  белсенді Аружан Сайындар бар. Ал кейбірі Фейсбукте отыратын шенеунікті «ендігі парақшасын өшіріп, менменсіп кететін шығар» деп те болжады. Алайда экс-әкімнің парақшасы әлі сол қалпында, тіпті әкімдіктің сайтындағы жаңалықпен бөлісіп қойыпты.

Әсет Исекешев Фейсбук

Жалпы Исекешев халық үшін несімен есте қалды? Бір тізіп шықсақ...

Әсет Исекешев екі жыл Астананың әкімі болған уақытта екі жылда да қатты жаңбыр салдарынан қаланы су басты. Астана десе, өзге қала тұрғындарының көз алдына елестейтіні жаңбыр мен су астында қалған қала екендігінде күмәніміз жоқ. Яғни әкімнің шешімін таппаған мәселелерінің ең бастысы - қаладағы арық жүйесінің жөнді тартылмауы. Аталмыш мәселеге қатысты экс-әкім  Елбасыдан сөгіс те алды. Ал былтыр сәуірде қаладағы тәртіпсіздіктің кесірінен Назарбаевтан сөз естіген Исекешев таңғы 6-дан бастап қаланы ретке келтіруді бастап кеткен еді.

Бұдан өзге, әкім қарамағындағы шенеуніктерді таксиге отырғызды. Велосипедшілердің жағдайын жасады, яғни веложолдардың саны артты. Түрлі жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, "Smart Astana", "Балабақшаға кезекті ЭСҚ" арқылы алу, Астана LRT, т.б.

Исекешевтің Астана – «Самая вышка» деп әндетуі әкімнің заманауи болудан қорықпайтындығының бірден-бір дәлелі болса керек.

Жалпы Исекешев қала тұрғындары үшін қарапайым әкім ретінде есте қалды десек әбден болады. Ал саясаткерлер не дейді? Әкімнің президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуын саясаттанушы Айдос Сарым қолдап отыр. Айтуынша, Әсет Исекешев белестерді бағындырған жас әрі тәжірибелі маман.

«Президент әкімшілігінің басшысы – жабық қызметтің бірі. Министрліктегі, әкімдіктегі басшылар атқарған жұмыстарын айтып, түсіндіруге мәжбүр болса, президент әкімшілігінің қызметкері өзінің бағыт-бағдары жайында ешкімге тіс жармайды. Әсет Исекешев – заманауи адам, осы заманның түлегі. Бәлкім бір сұхбат беріп, үлкен мақала жазып, өзінің алдағы бағыт-бағдары туралы нақты әңгіме айтса немесе президент мынадай тапсырмалар берді, жұмыс соған негізделеді деп айтса, қоғам үшін де, саяси мәдениетіміз үшін де жақсы болар еді», - деп ойымен бөлісті саясаттанушы.

Сонымен қатар әкімдік қызметін де «жақсы» деп бағалады.

«Жұмысын барынша ашық жасады. Жеке көліктен бас тарту, қоғамдық көліктің жұмысын орнықтыру, жалпы қоғаммен байланыс орната білді. Тіпті «кімде-кім жеке парақшасына жазса, өзі жауап береді» дегенді естіп қалдым. Жалпы жастармен тығыз байланыста болған әкім деп ойлаймын. Әкім деген құдай емес, пайғамбардың үмбеті емес, қоғамға қызмет ететін азамат. Исекешев қоғамға қызмет кете білді. Тек осыны әрі қарай дамытып жалғастыра берсе дейміз», - деп сөзін қорытындылады.

Қоғам белсендісі, саясаттанушы Мұхтар Тайжанның да пікірі Айдос Сарымнан алыстай қоймады, тек кейбір жобаларына сыни пікір білдірді.

«Ол әкім болған уақытта қала таза болды. Саябақтардың саны артты. Қаланың дамуы үшін жыл сайын қаншама қаражат салынып жатты. Оның орынды-орынсыз жұмсалғанын білмеймін, бірақ Астананың көрікті қала болуына ықпалын тигізді. Әкім ретіндегі жұмысына теріс пікір білдіре алмаймын», - дей келе көңілі толмаған бір жайтты ескеріп өтті.

«Шыны керек, LRT жобасына көңілім толмады. Астана халықаралық әуежайы, EXPO-2017 көрмесін, одан әрі «Абу-Даби Плаза» көп қабатты кешені және жаңа теміржол вокзалының арасында жалғайтын жаңа рельсті көлік жүйесінің Астанаға қажеті жоқ. Қала онсыз да кішкентай. Ол жоба үшін Қытайдан бір  жарым миллиард долларға дейін қарыз алдық. Ұшақтар да көп ұшпайды, бекер болды. Тек сыртқы қарызымызды көбейтті», - деді Мұхтар Тайжан.

Ал президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған әкімге экономист әрі қоғам белсендісі мынаны айтады:

«Ол мына саяси жүйенің сарбазы. Бұл жүйе түбі өзгереді. Сол уақытта оның әр сарбазы істеген іс-әрекетіне жауап береді. Қазақ еліне пайдасы тиді ме, әлде зияны ма? Алғаш рет орта буынның өкілі осындай жоғары дәрежеге жетіп отыр. Сондықтан оған былай айтар едім: «Әсет, еліміздің жақсаруына үлесіңді қос. Сыртқы қарызымызды азайтуымыз керек. Парламентті адал, демократиялық түрде сайлайық. Иә, Парламенттің ішінде сауатты депутаттар бар. Бірақ өзгермей, сол күйі тұрғанына 15 жылға жуықтады Парламентке демократиялық заңмен жаңа тұлғалар кіру керек. Сен соған үлесіңді қоссаң, нұр үстіне нұр болар еді», - деп ссөзіне аяқтады деп жазады  "Қамшы" сайты.

Пікірлер