Жамбыл облысында үздік шекарашылар марапатталды

1365
Adyrna.kz Telegram

Сонау 1992 жылы 18 тамызда «Шекара әскерлерін құру туралы» Президент жарлығына қол қойылған болатын десек, ағымдағы жылы Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау жылдар белесінде еліміздің шекара қызметі нығайып, жетіле түсті. Өзінің 30 жылдық белесіне елеулі жетістіктермен жеткен шекарашылар төл мерекесін салтанатты іс-шарамен атап өтті.

Салтанатты шара Шекара қызметі облыс  бойынша департаментінің жаңа ғимаратының алдында өткен жиынмен басталды. Елдің шетінде, желдің өтінде жүрген сарбаздарды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі   облыс бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхтар Сабидолданов, қауіпсіздік комитетінің ардагері Нұржан Сеңгірбаев, «Жамбыл облысы Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермекбаев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Бұдан кейін жиынға қатысушылар әскери борышын өтеу кезінде қаза болған қызметкерлерді еске алып, бейбіт күннің батырларына арналған Құрмет тақтайшасына гүл шоқтарын қойды.

– Бүгін  Шекара қызметінің құрылған күнін атап өтіп жатырмыз. Біз осындай іс-шаралардың алдында ең алдымен қызметтік міндетін атқару кезінде шейіт болған әріптестерімізді еске аламыз. Департаменттің осы жаңа ғимараты салынғанда қаза болғандарға арналған ескерткіш орнатылған болатын. Тақтайшада 2012 жылы әуе апатында қайтыс болған әскери қызметшілердің, Тараз, Меркі және Қордай шекара жасақтарының командирлері болған азаматтардың есімдері жазылған. Мәселен, 2001 жылы капитан Қажымұқан Дауырбаев әуе апатынан қайтыс болған еді. Содан 20 жыл өткеннен кейін оның әке жолын қуған ұшқыш ұлы, аға лейтенант  Мұхтар Сағымбаев қайтыс болды. Әкелі-балалы ұшқыштардың да аттары  осында мәңгілік тасқа жазылған. Олардың ерліктері жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек, - дейді департамент бастығының тәрбиелік-идеологиялық және кадрлық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Саят Шубаев.

Шекарашылардың кәсіби мерекесіне арналған іс-шара Асқар Тоқпанов атындағы драма театрында жалғасты. Ел тыныштығын сақтап, күндіз-түні күзетте тұрған, Отаны мен елінің шекарасын сақтап, қорғау үшін жауапкершілікті мойнына алған шекарашыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров құттықтады.

– Құрметті шекарашылар, қымбатты ардагерлер! Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ел аумағының тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздерге жүктелген жауапкершілік жүгі өте ауыр. Бұл міндетті абыроймен атқарып, Тәуелсіздік тұғырын биіктетуге сүбелі үлес қосып келесіздер. Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2020 жылы сәуірде құрылған уақыттан бастап өзіне жүктелген міндеттерді қырағылықпен және абыроймен атқаруда. Шекарашыларды мемлекет тарапынан қолдау шаралары да тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл бағытта шекара қызметінің облыстағы департаментіне биыл жаңа әкімшілік ғимараты қолданысқа берілгенін айтуға болады. Облысымыздың Қырғыз республикасымен мемлекеттік шекарасының ұзындығы 719 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда 8 бақылау-өткізу бекеті және 4 қосымша бекет жұмыс атқарады. Осы аумақта бөтен адамдардың мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп кетпеуін қамтамасыз ету жұмыстарын шекарашылар мінсіз атқаруда. Ендеше, еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі қызметтеріңіз асқақтай берсін. Тәуелсіз Отанымыздың шекарасы берік болсын!

      Бұдан кейін Нұржан Сәбитұлы мемлекеттік шекараны күзетудегі әскери міндеттерін үлгілі орындағаны үшін және кәсіби мерекеге орай екінші дәрежелі капитан Ерхат Рафиков пен майор Нұржан Қыдырбаевты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттап, сержант Ғани Жәнібековке облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыстады. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков бір топ үздік шекарашыларға облыстың Құрмет грамотасын тапсырды.

       Шекарашыларды облыстың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Шекара қызметі   облыс бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Мұхтар Сабидолданов өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әскери міндеті мен антына адал әріптестеріне алғыс айтты. Алдағы уақытта да мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктеріне сенім білдіре отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Е. Сағымбаевтың бұйрығымен бір топ шекарашыларды марапаттады. Бұл күні әділет подполковнигі Қуаныш Бекманов пен майор Бек Баймаханов «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалін тағып, капитан Елдос Қадіров бағалы сыйлыққа ие болды. Подполковниктер Ділмұрад Абдрахманов, Бектас Оралбеков, Пидаят Ушуровке, майорлар Азамат Жолдасбаев, Нұржан Қынырбаевқа, капитан Расул Сламбековке мемлекеттік шекара шебін сенімді күзету ісінде өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының Алғысы жарияланды. Тағы бір топ шекарашы «Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 30 жыл» мерекелік медаліне, ҰҚК төрағасының орынбасары-Шекара қызметі директорының және   облыс бойынша департамент бастығының «Алғыс хаттарына» ие болды. Жалпы бұл күні 11 қызметкер Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының,  109 қызметкер Шекара директорының, ал 611 қызметкер облыстық департамент бастығының түрлі марапатын иеленді.

Пікірлер