Ерден Қажыбек: "Президент пен халық — біртұтас"

2505
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кезде көпшілік, әсіресе, зиялы қауым: «Енді, тілдік бастамалар сиыр құйымшақтана бастайды. Айналаңа қараңыз. Геосаяси көлемде де, ішкі республикалық деңгейде де бастан асып жатқан күрделі өзгерістер, тіпті, әділін айтсақ, түбегейлі бетбұрыстар белең алуда. Осындайда ұлттық мүдде, тілдік-ділдік басымдықтар кейінге ысырылады, латынға көшу де кейінге шегеріледі» деген ұзын құлақ ақпар, селқос әңгіме, жасыратыны жоқ, жиі естіліп жүрді...

Мұның себебі, біздегі тілдік реформамыз ғалымдарды да, бұқара жұртшылықты да әбден шаршатты. Бірақ мынаны біліп алайық, әрі-беріден соң, ұлттық қазақ жазуының дайын болғанына отыз жылдай уақыт өткені – ешбір дау тудыратын жаңалық емес. Ия, ия, бүкіл талқылаулар бітіп, мамандар бір пәтуаға келіп, бірауыздан бір латын әріпті әліпбиге тоқтағанына ширек ғасырдан көп уақыт болғаны – баршаға мәлім шындық.

Және – өте маңызды тұсы – тек жалғыз қазақтың тілші ғалымдары емес – бүкіл түркі тілдері мамандарының бір ортақ нұсқаны таңдағанына отыз жылдан астам уақыт өтті. Бұл шындық. Қоғам куә. Қазақ, түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, татар, башқұрт, чуваш, тува, алтай, хакас, якут, қарашай, ноғай, балқар, құмық, қырымтатар ғалымдары 34 таңбалы ортақ түркі әліпбиін бірауыздан бекіткен жылы – 1991. Бұлай болуы, жүзден астам түркі тілдерде айналдырған 34-ақ дыбыс бар екен. Осы мақаланы жазып отырған замандасыңызға үш күнге созылған сол бірінші тарихи конгреске қатысу бақыты бұйырған еді. Сол сәттен бері осы күнге дейін аталмыш тақырыпқа арналған, кемінде, жүзден астам түрлі форматтағы басқосуларға қатысу нәсіп болды. Басым көпшілігі емес, анық айтқан жөн – бәрі бірауыздан сол бірден-бір нұсқаны қолдады.

Дәл осы нұсқаны 2012 жылы жуырда «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналған «Түрік кеңесі» де мақұлдады.

2018 жылы екінші халықаралық түркі тілдерінің әліпбилеріне арналған конгресі өтті. Қайтадан 30-дан астам түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірауыздан осы таңдауды қолдап қол қойды (Қазақстаннан оншақты өкіл қатысты).
Аттай 22 жыл бұрын Тіл білімі институтының директоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ұстазымыз, ғұлама ғалым, академик Әбдуәлі Қайдар 2000 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 шілде күні шыққан санында «Жаңа қазақ әліпбиі» атты мақаласында осы әліпби туралы жазғанда: «Бұл жоба қабылданған 34 әріптен тұратын ортақ әліпбиге сәйкес алынып отыр. Бұл – барлық түркі тілдеріне бірдей қойылатын талап. Одан ауытқуға болмайды» деп тайға таңба басқандай айтып кеткен еді.
Тағы бір, осы жолы он жыл бұрынғы академик Әбдуәлі Тұғанбайұлы сөзіне назар аударыңыз: «1993 жылы «Кемел елге кемел әліпби керек» деген тақырыппен Қазақстан Республикасының Президенті... атына ашық хат жазып, ол «Ана тілі» газетінің № 52 санында басылымның үш бетінде жарияланған еді. Бүкіл жұртшылыққа мәлім. Ашық хаттың соңына түркі жұртына ортақ әліпбидің 34 таңбадан тұратын жобасы қоса берілген. Бұдан шығатыны түркі жұртына ортақ әліпбидің үлгісі бұдан 20 жыл бұрын әкелініп, қалың жұртшылыққа белгілі болған. [Базбіреулер айтатындай] ол қазір аяқ астынан белгілі болып отырған жайт емес... Қазақ әліпбиіне байланысты біз әзірлеген үлгі сол 34 таңбаның негізінде жасалған» («Егемен Қазақстан», 2013 жылдың 14 ақпаны).

Олай болса, неге сонша дағдарып, шатасып, тығырыққа тірілгендей болып тұр бұл мәселе деген сұраққа жауабымыз қарапайым: «Бізде осы келелі іске саясат араласып кетті. Соның салдарынан жұртшылық көріп отырған Парламентіміз бекіткен және Елбасы жарлығымен мақұлданған әліпби нұсқалары ғалымдардың өнімі емес – жоғары жақтан түскен бұйрықтар болды. Яғни олардың авторлары аттары беймәлім жоғары лауазымды шенеуніктер».

Қолдан келгенше, тілші мамандар ақиқатты айтудан тайынбады. Бағымызға орай қалың көпшілік те жасанды жобаларға қарсылығын анық сездірді. Ашық айту керек, соңғы жылдарда Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы маңызды мәселе бойынша позициясы ғалымдардың көңіліне зор сенім ұялатты.

Осыған орай, өткен аптада ұлттық құрылтай қарсаңында Алматы қаласының ең көрнекті «InterContinental» қонақ үйінің «Абай» салонында «Жаңа Қазақстанға – жаңа әліпбимен» деген тақырыппен жуырда құрылған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» ғылыми мұрагері және аталмыш ұйымның президенттері академик Әбдуәлі Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы кәсіби жолын жалғастырушы «Халықаралық қазақ тілі академиясы» мен «Халықаралық түріктану орталығының» біріккен отырысы өтті.

Басқосуда ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз етудің бірегей негізі болған латын әліпбиі жобасын жүзеге асыруда кездесетін негізгі мәселелер мен оны тиімді шешудің жолдары талқыланады.

Ісшараға елімізге танымал тілші мамандар, шетелдік ғалымдар, қонақтар, ұлттық университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының жетекші қызметкерлері, жастар, тіл жанашырлары және БАҚ өкілдері қатысты.

Бағдарламада академия мен орталық атынан «Қазақ тілі мамандары мен түркітанушылардың соңғы 30 жылдың аралығында ұсынып отырған ұлттық қазақ жазуының ортақ және бірден-бір нұсқасы жөнінде» менің баяндамам және «Халықаралық қазақ тілі академиясының» вице-президенті, «Мемлекеттік тілді дамыту» институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбектың «Халықаралық қазақ тілі академиясы жанынан «Ғылыми-әдістемелік сараптау кеңесті» құру туралы» ақпараты тыңдалды.

Баяндамашылар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек» деген тапсырмасының маңызына тоқталды: «Біз не үшін, неге әліпбиімізді өзгертуге шешім қабылдадық? Әлбетте, айналдырған жалғыз латын алфавит негізінде басқа бауырлас түркі елдерінің әліпбилеріне мүлде ұқсамайтын жаңа бір жазуды ойлап табу үшін емес. Керісінше. Тілі мен діні, әдебиеті мен мәдениеті бір-біріне жақын, тарихы ортақ халықтармен етене жақын, ұқсас, бірдей жазуды қолға алу үшін. Бұл қатаң принципті мәселе. Қазақ және отыздан астам басқа түркі елдерінің тілші ғалымдарының осы ұстанымды айтып та, жазып та жүргеніне, міне, отыз жылдан асты...»

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы Фәузия Оразбаева; Гази университетінің профессоры, ғылым докторы Ахмет Бижан Ержыласун (Анкара, Түркие); Америка Құрама Штаттары түркітанушылары ассоциациясының президенті және Назарбаев университетінің «Түркология және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Юлай Шәмілұлы; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақ тілі» кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай; Еге университетінің профессоры, ғылым докторы Мұстафа Өнер (Измир, Түркие); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Раушан Авакова; Халықаралық "Түркология" ғылыми журналының бас редакторы, Әзербайжан тілдер университетінің ректоры, Әзербайжан ғылым академиясының академигі Камал Абдулла (Баку, Әзербайжан); Жаратылыстану ғылымдарының академигі, Калифорния университетінің (АҚШ) және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмағали Әбуов; Түрік тілі академиясының (Түрік Тіл Құрымы) президенті, профессор, ғылым докторы Гүрер Гүлсевин (Анкара, Түркие); Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаламқас Қалыбай; Чуваш мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Николай Егоров (Чебоксары, Чувашия); Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай (Қызылорда); Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Велинур Махпиров; Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті  «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Шыңғысхан Жаналтай; Татар энциклопедиясының құрушысы, Татар мемлекеттік гуманитарлық институты ғылыми журналының бас редакторы, «Ұлттық мәдениет» журналының бас редакторы, профессор, ғылым докторы Фарид Хакимзян (Қазан, Татарстан); Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мағрипа Ескеева (Нұр-Сұлтан); Мимар Синан университетінің профессоры, ғылым докторы Әбдувахаб Қара (Ыстанбұл, Түркие); Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлғайша Сағидолда (Нұр-Сұлтан); Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркиядағы филиалының төрағасы, профессор, ғылым докторы Мұхтархан Оразбай (Анталья, Түркие); Ахи Евран университетінің профессоры, ғылым докторы Осман Қабадайы (Қыршехир, Түркие); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Абитжанова; Өзбекстан Ғылым академиясы Өзбек тілі, әдебиеті және фольклоры институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор, ғылым докторы Бердияр Юсуф (Ташкент, Өзбекстан); Орал университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр (Орал); Қырғыз-Түрік Манас университетінің профессоры, ғылым докторы Қадыралы Қонқобай (Бішкек, Қырғызстан); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Руслан Арзиев; Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Жексенғалиев (Орал); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ерғали Есбосын; Қазақтану институтының директоры және «Қазақтану» журналының бас редакторы Бақтыбай Жұмаділда (Нұр-Сұлтан); жазушы, публицист, баспагер Хәкім Омар; гуманитарлық ғылымдар магистрі, ақын, публицист Әділет Ахметұлы; тілші-филологтар, PhD докторанттары Балжан Ешметова, Мейрамбек Таубалдиев, жастар, БАҚ өкілдері, тіл жанашырлары сөз сөйлеп, қазақ ұлттық жазу нұсқасын бірауыздан қолдап, сайып келгенде, қазақ тілі мамандары мен түркітанушылар арасында әрдайым, негізінен, бір нұсқа ұсынылғанын атап өтті.

Халықаралық ғылыми конференция шешіміне сәйкес қатысушылары атынан Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа «Қазақ ұлттық жазуы туралы» атты хат жолданды. Ең кереметі, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы тағыда өзінің әрдайым халықпен және отандық ғалымдармен бірге екенін дүйім жұрттың алдында шегелеп айтты: «Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tynyshtyq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп».

Қазақстан Президентінің пікірі ғалымдардың пікірімен, дәлірек айтсақ – талабымен, толық, жүз пайыз сәйкес келіп отыр. Механикалық түрде қазақ «ы» дыбысына ағылшын «у» таңбасын тыға салу – өрескел қате. Біріншіден, бұл таңба латын әрпін пайдаланатын тілдерде және ортақ түркі әліпбиінде, негізінен, дауысты «й» дыбысын білдіреді, мысалы: toyota және аспандағы «ай» – ay. Яғни ағылшынға еліктеп «ай»-ды ау орнына аі деп жазуға тырысу да – шалалық, шатасу, жұртты адастыру.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзіне оралайық: «Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек. Тіл – ұлттың жаны. Оған немқұрайлы қарауға мүлде болмайды. Сондықтан, біз тіліміздің мәртебесін арттыратын графиканы ғана қабылдаймыз».

Бұдан артық айтуға бола ма? Әр сөзі мірдің оғындай дәл, дөп және тапжылмас ақиқат. Нағыз ғалымдар ақиқатқа ғана бағынады. Шындықтан ауытқыған адамдар мүйізі қарағайдай ғылыми атақ иегері немесе атынан ат үркетін мемлекеттік білім ошағының басшысы болсын, олардың бәрі ғалым емес – ғалымсымақтар. Ғалымның сүйеніші – шындық.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпби құрастырғанда, «басқа түріктерге жазу тіліміз түсінікті болу үшін мүкіндігінше жанастыру жағына қарап икемдеу» қажет деп ашық айтқан.

Және ортақ түркі әліпбиді негізге алу маңызына ерекше тоқтаған: «Түрік жұрттары үшін бір әліпби түзеу деген мәселені – бір әліпбиді бәрі негізге алып, түрік жұртының әр қайсысы өз тіліне үйлестіру деп түсіну керек. Солай болған соң бізге ең әуелі, негіз боларлық әліпби керек, сол әліпбиді қарастырып табуымыз керек».

Қазақ тіліне шет тілдік нормаларды енгізуге тырысқандарға да Ахаң жауап берген: «Біздің жазу жүйемізбен ағылшын, америка, француз жазу жүйесінің арасы алыс».

1924 жылғы қазақ білімпаздарының съезінде Елдес, Хәлел, Әлихан, Телжан, Міржақып, Ахаңдар: әліпби – «тілге шақ», «жазуға жеңіл», «тізгенде оңай», «үйретуге қолайлы» болу керек деп тапсырып кетті.

Ал осыған қол жеткізу үшін тілімізге жат дыбыстарды, бөтен ережелерді енгізбеу қажет, өйткені: «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілін басқа тілдің сөзімен шұбарламау» (Ахмет Байтұрсынұлы).

Олай болса, Ахаң аманаттаған ұстанымдарды сақтауға – міндеттіміз.

Тіліміз тұсауланған күйінен арылып, қанатын еркін жаярына сеніміміз мол. Оған берік кепіл – Президент пен халықтың, ғалымдардың біртұтастығы.

Ерден Қажыбек,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер