БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын — Тоқаев

2021
Adyrna.kz Telegram

Қасым-Жомарт Тоқаев «In Conversation with President Tokayev» атты арнайы панельдік сессияға қатысты. Жиынға «Bloomberg Television» жүргізушісі Манус Крэнни модераторлық жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Сұрақ-жауап форматында өткен ашық талқылау барысында Қазақстан Президенті халықаралық саясаттағы сын-қатерлер бойынша, әсіресе Еуропада болып жатқан геосаяси текетірестер аясында Ресей-Украина қақтығыстары төңірегіндегі оқиғаларға қатысты бірқатар сұраққа жауап берді.

Ресей-Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешу жолдарына қатысты сұраққа жауап берген ол келіссөздерді жалғастыра берудің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл қақтығысты шешуге тараптардың ерік-жігері қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық қауымдастықтағы пікір қайшылығы мен аталған мәселені шешуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қауқарсыздық танытып отырғанына тоқталды.

– БҰҰ ешқашан мұндай ыңғайсыз жағдайға тап болған емес. Тіпті «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде де Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлігі бұдан әлдеқайда мығым еді. Мен БҰҰ-ның болашағына қатты алаңдаймын. Осы ретте, көпқырлы саясатқа сенемін. Бұл ретте мен халықаралық қауымдастықтың бірлік танытып, ынтымақтаса отырып, екі мемлекеттің бейбіт бітімге келуі үшін оң ықпал етуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер