"Өз істеріңізді сүйіңіздер": жастарға жігер жетіспейді

591

Шымкент қаласында NEET санатындағы жастар, яғни не оқуы, не жұмысы жоқ құлықсыз 14 мыңға жуық жеткіншек бар. "Жастарды әлеуметтендіру және оңалту" жобасының аясында "Адырна"ҰЭБ ҚҚ ұйымдастыруымен қоғамда орнын таппай жүрген осындай жастарды ынталандыру үшін оңтүстікке белгілі блогер мен кәсіпкерлер келді.

Жоба жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған.

Іс-шара жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту бағытында іске асырылды.

Аталмыш конференция Шымкент қаласында, Жастар ресурстық орталығында өтті. Шара қонақтары белгілі блогер, актер Нұрсұлтан Жақсыген мен кәсіпкер, блогер Ақарыс Әділжан жастарға кәсіп ашудың қыр-сырын айтып, мақсатқа ұмтылудағы тәжірибелерімен бөлісті.

"Жастарға айтарым, өз істеріңізді сүйіңіздер. Неге десеңіздер, адам өзіның жаны қалаған, сүйікті ісімен айналысқанда жұмыс жасамайды, тек жасаған дүниесінен ләззат алады. Мәселен біз кезінде Жайдарман ойнап жүргенімізде жай ғана өз ісімізден ләззат алып, сол істі жақсы көргендіктен жан тәнімізбен беріле ойнайтынбыз. Сол уақытта сол дүниенің бізге артынша табыс алып келетінін, кәсібіміздің нәсіп болып келетінін ойламаппыз. Жақсы көретін дүниемізді жасадық, барымызды салдық, халықтың сүйіктісіне айналдық, инстаграм дамып бастады, контентімізді бастадық, көрерменнің көңілінен шықтық, осылайша бүгінде блогерліктің арқасында нан тауып жүрміз расына келгенде" деді Нұрсұлтан Жақсыген.

"Блогерлік те - кәсіп" дейді конференция қонақтары. Олардың айтуы бойынша тіпті бүгінгі таңдағы жоспарлы мақсаттарының көбіне блогерліктерінің арқасында жетіп отырғандарын айта кетті.

Жас болса да өз кәсібін дөңгелетіп, сонымен бірге блогерлікті де қатар алып жүрген Ақарыс Әділжан Шымкенттік жастардың алдында өзінің кеңестерімен бөлісіп, жетістікке жетемін деген адамның 10 қағидасы жөнінде айтып, жастарға жігерлі сөздерін жолдады:

"Қазіргі таңда NEET санатындағы жастардың көбейіп кетуінің себебі, олардың өз істерін таба алмауында және өз-өздерін жоғалтып алуында. Ол үшін әуелі адам өз Икигайын, яғни жанына жақын ісін тауып сол арқылы қаражат табуды көздеу қажет. Сонда ғана ол өмір бойы жұмыс істеген болмайды, тек өмірден ләззат ала отыра, табыс тапқан болады. Мен осы уақытқа дейінгі оқыған кәсіпкерлік бағыттағы кітаптарымда жиі байқайтыным, бұл армандау, мақсат кою, ниет ету, әрекет жасау, жетістікке жету. Осылай ғана адам баласы өз дегенін орындай алады" деді ол сөзінде.

Ақарыс Әділжан жастарға айтқан 10 қағидасында: уақыттың қадірі; өмірлік миссия; сүзгі; "не қалайтынымды білмеймін"; Икигай; мақсатты дұрыс қою; 5 не үшін; 5 қалай; хат жазуды үйрену, "Жоқ" деген сөзден қорықпау туралы айтты. Көздерінде жетістікке жетем деген жалыны бар жастар, Ақарыстың айтқандарын жазып алып, өз түйгендері бойынша сұрақ қойып, кеңестер алды.

Кездесуге Атамекен кәсіпкерлер палатасынан және Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлер келіп қазіргі таңда идеялары, өз бастамалары бар жастарды мемлекет қалай қолдайтыны жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға жастар сұрақ қойып, көкейлерін мазалаған сауалдарына жауап алды.

"NEET жастар тобы әдетте салғырт келеді. Олар біліктілік арттыруға, жұмыс істеу мен оқуға ниеттенбейді. Олардың көбінің сыни ойлау дағдылары төмен әрі тұтынушылық мінез-құлқы басым болады. Дегенмен, елімізде NEET жастарды анықтау, олар­дың мұқтаждықтарын, құн­ды­лықтарын зерттеу әдіснамасы зерделенуі керек. "Жастарды әлеуметтендіру және оңалту" жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асып жатыр. Негізгі мақсатымыз да осы. Яғни аталмыш санаттағы жастардың санын азайту, оларды жігерлендіру, бастамаларын қолдау, көмек көрсету" деді "Адырна" қоғамдық қорының президенті Арман Әубәкір.

Кездесуде Шымкенттік белсенді Рүстем Ашетаев сөз сөйлеп жастардың қоғамдағы орнын, олардың өмірдегі миссиясы не болу керектігін, олардың қалыптасуына қандай ортаның зор ықпал ететіні жөнінде айта кетті:

"Адамның үш ортасы болады. Біріншісі, отбасы яғни оның тәрбие алған мекені, екіншісі достары, жанында жақсылықта да, қуанышта да қатар жүрген жандары, үшіншісі осы екеуінен тыс ортасы. Яғни адам осы үш ортаның қайсысымен жақын, сол адамдардың қабілеттерін, қасиеттерін бойына сіңіреді, сәйкесінше сондай адам болып қалыптасады" деді ол.

Іс-шара соңында келгендерге арнайы ақпаратталған, жұмыссыз жастар базасына тіркелу QR коды белгіленген брошюралар үлестірілді.

 

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket