«Алатау» дәстүрлі өнер театрында 2022 жылдың 31 мамырында «Жаңа Қазақстандағы дәстүрлі өнердің театр сахнасындағы даму үдерісі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Мақсаты: Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің театр сахнасындағы даму үдерісінің көрінісін айқындау. Бағыттары: Дәстүрлі өнердің негізгі айқындамасы; Қазақ сахнасындағы дәстүрлі өнердің үлгілері; Дәстүрлі өнер театрының даму үдерісі.
Модератор ретінде конференция жұмысын айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Рифхатұлы Заитов жүргізді. Шарада М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директоры, өнертану кандидаты, профессор Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Мырзалыұлы Жүсіпов, өнертану докторы, театртанушы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Кәкиқызы Нұрпейіс, әнші, өнертанушы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының редакторы Ерлан Мұқатайұлы Төлеутай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Оразбайұлы Мұқан, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Тұрсынғалиұлы Шүкіман, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Жасағанбергенқызы Қазтуғанова және Мәдениет саласының үздігі, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Айтқалиұлы Жұманбай сөз сөйлеп, құнды пікірлері мен келелі ойларын айтты.
Конференция көрермендері тың дүниелерге қанығып, зор әсер алды деуге болады.
Сонымен қатар Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының «Қазақтың дәстүрлі музыка өнерін қалыптастырған ұлы тұлғалардың домбыралары» атты көрмесі болды.
Шара 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылған «Кез болған соң кер заман» атты музыкалық қойылым-концертпен жалғасты.
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі