"Алтын белгіге" үміткері көп мектеп

3400
Adyrna.kz Telegram

Бүгін республикамыздың түкпір-түкпірінде сан мыңдаған шәкірттер үшін соңғы қоңырау соғылды. 2021-2022 оқу жылы Алматы қаласындағы №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған мектеп лицей үшін де табысты аяқталды.

Толығымен дәстүрлі оқу форматына көшумен ерекшеленген оқу жылында мектеппен қайта  қауышқан балалар мен ұстаздардың қуанышында шек болмады. Аталған мектеп лицейдің дарынды шәкірттері ата-аналары мен мұғалімдерінің үміттерін ақтап, сан алуан жарыстар мен сайыстарда оза шауып бәйге алды. Олардың қатарында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанған «Дарын» республикалық ғылыми-педагогикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері 11 «А» сынып оқушылары Көшкімбаева Жания, Шындали Ұлдана, 11 «Ә» сынып оқушылары Дәулетқожа Даирбек, Шамерхан Амина, Избасар Диана,  Кален Аяжан,  қазақ тілі мен әдебиетінен өткен қалалық олимпиадада 2-орын алған 11 «Б» сынып оқушысы Мырзамұрат Айым, XIV Президенттік олимпиада жүлдегерлері: 11-сынып оқушылары Шындали Ұлдана, Сабиболда Ақжан, Шәден Томирис бар. Олар – мектеп шежіресінде өз аттарын қалдырған талантты жастар.

2022 жылы жаратылыстану-математикалық бағыттағы №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған мектеп лицейді 101 оқушы бітіреді. Олардың 14-і ерекше үлгідегі «Алтын белгі» аттестатынан үміткерлер болса, ерекше үлгідегі үздік аттестаттан үміткерлер саны- 10. 

Соңғы қоңырау салтанатында сөз алған «2014 жылғы Үздік педагог» сыйлығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған, Алматы қаласындағы №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған мектеп лицейдің директоры  Кульжан Сауытқызы Шажабаева түлектерге сәт сапар тіледі. 

"Әр түлегімізге мемлекеттік емтиханда жақсы нәтиже көрсетулеріне тілектеспін. Мен сіздердің ата-аналарыңыз мен ұстаздарыңыздың сенімдерін ақтайтындарыңызға кәміл сенемін. Мектеп түлектерінің білімін шыңдайтын биік асу – Ұлттық бірыңғай тестілеуде шәкірттерімізге толағай табыс пен сәттілік тілеймін. Егемен еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда, сондықтан қай кезде де терең білім алу жолында талмай ізденіп, қажымас қайрат пен мұқалмас жігердің арқасында ел тізгінін нық ұстар азамат болуларыңызға ізгі тілегімді білдіремін. Қазақстанның мәртебесін әлемдік деңгейде арттыратын сіздерсіздер! Қадамдарыңызға сәтті сапар, өмірлеріңізге құтты қадам тілеймін. 

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстыратыны сөзсіз. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында екендігін нық сеніммен айтамын. Ендеше, мектеп пен оның жүрегі – ұстазға жүктелетін жүк ауыр. Оқушыны заман талабына сай, әлемдік өзгерістерге ілесе алатын бәсекеге қабілетті тұлға етіп қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы, сондықтан өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жатқан мұғалімдер қауымына айтар алғысым шексіз. Ұлағатты ұстаздарымыздың Жаңа Қазақстанның білімді де білікті зияткер тұлғаларын қалыптастырудағы ерен еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін!"-деді ол. 

 

"Адырна"ұлттық порталы

 

Пікірлер